Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді". Маралды ауылындағы алтын өндіретін фабрикаға экологиялық рұқсат берілді

11:15, 14 сәуір 2024 411

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Маралды ауылының маңайындағы алтын өндіру фабрикасы үшін алтын кен орнына экологиялық рұқсат алынды.


9 сәуірде «ГРК «Maralicha» ЖШС-і Күршім ауданындағы Маралихинское кен орнында өнімділігі жылына 250 мың тонна алтын кендерін өндіруге қоршаған ортаға әсеріне экологиялық рұқсатын алды.

Кен Маралды ауылының маңындағы алтын өндіру фабрикасының шикізаты болып табылады. Бұл шешімнің алдында компаниялар тобы бойынша бірқатар қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, онда кен орнының ықтимал әсері жан-жақты қарастырылды.

Экология, өнеркәсіп, гидрогеология, табиғатты пайдалану және жер қатынастары салаларының мамандары сараптамалық қорытындыларын берді. Олардың барлығы қоршаған ортаны қорғау шараларын сақтай отырып, жер қойнауы учаскесінде кен өндіруге рұқсат етілгенін растады. Компаниялар тобы жақын арада оларды жүзеге асыруға кіріседі. 

Бұл жобаның шекаралас ауданның дамуына үлкен серпін берері анық. Жалпы, кез келген инвестициялық жоба – ең алдымен қосымша салық әкелетін көз, қосымша жұмыс орындары, өңірдің өркендеу көзі.

Алтын өндіру фабрикасының құрылысы бизнесті көлеңкелі экономикадан шығарып қана қоймай, Маралды ауылының тұрғындарына да әлеуметтік кепілдіктер береді. Бұған дейін «MARALICHA» тау-кен компаниясы» ЖШС атқарушы директоры Марат Асаубаев компания Маралды ауылындағы жолдарды жөндеуге міндеттенетінін айтқан болатын.

– Сондай-ақ біз Қойтастағы көпірді қайта жаңартуды, жергілікті мектепті материалдық-техникалық жарақтандыруға қаражат бөлуді, ауылдық округ түлектерін жоғары оқу орындары мен колледждерде оқытуды жоспарлап отырмыз, – деген Марат Асаубаев тыңдаулардың бірінде.

Кәсіпорын өз мойнына алатын әлеуметтік міндеттемелердің қатарында медициналық объектілерді жөндеу, мүгедектерге тұрғын үй алып беру бар.

Кәсіпорын қызметінің заңдылығын аймақ билігі жіті қадағалайтын болады. Жергілікті билік, облыс басшылығы әрдайым қолданыстағы заңнама талаптарының қатаң сақталуын, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және халықтың мүддесін басты назарда ұстайды.

Естеріңізге сала кетсек, зауыт құрылысына 2022 жылғы 26 шілдеде ШҚО бойынша экология департаменті рұқсат берген. Ол рұқсаттың мерзімі 2022 жылдың 31 желтоқсанында аяқталды. Бірқатар себептермен  зауыт құрылысы уақытында аяқталмады. Осыған байланысты кәсіпорынға жаңа экологиялық рұқсат алу қажет еді. «Маралиха» және «Маралиха кен алқабы» кен орындарындағы өнімділігі жылына 250 мың тонна кенді өңдеу фабрикасы бірінші санаттағы объект болып табылады. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар