Алматыда екі автокөлік соқтығысып, салдарынан екі бойжеткен қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Полицияның алдын ала берген мәліметі бойынша, қайғылы оқиға 27 шілдеде түнгі сағат 03:10 шамасында орын алған. Рысқұлов даңғылы бойымен батыс бағытқа қарай бет алған Suzuki автокөлігінің жүргізушісі Шәріпов көшесімен қиылыста кері бұрылмақ болған кезде қарсы бағытта келе жатқан Mercedes көлігіне жол бермей, екі көлік соқтығысқан.
Апат сәтінде Suzuki салонында төрт бойжеткен болған. Соқтығыс салдарынан көлік тізгініндегі бойжеткен мен бір жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Машинада болған тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілсе, екіншісін құтқарушылар майысқан көлік ішінен алып шықты. Ал Mercedes жүргізушісі де түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.
Екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр.