Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Егер қазақтың өз тізгіні өзінде болып, жұрттан жиналған ақшаны өз қажетін өтеуге жұмсайтын болса, қазақ баласы кіруге орын таба алмай қаңғырмас еді

03:14, 20 шілде 2024 366

Теміржолдар жүргізу, соғыс кемелерін жасату, әскер ұстау шығыны да патшалыққа түседі. Патшалыққа һәм патшалық ішіндегі кей жерлердің бәріне де дәрігерлер, инженерлер, агрономдар керек. Бұл білімдерді жалғыз-ақ университеттерде яки сондай басқа жоғары орындарда үйренуге болады. Соның үшін мұндай оқитын школдар да патшалық қажетіне жатады. Мұндай қажеттерді өтеуге облыстың күші емес, патщалық күшін жұмсау керек.

Патшалық қажеттерін санап бітіру қиын. Қандай қажеттер облыстың, қандай қажеттер патшалықтың күшімен өтеу жұрттың қалауымен, лайықтауымен болады.

Мұнан түсінуге болады, жұрттан жиылатын алым, шығын ақшалардың бір бөлімі облыс, губернияның қажетін өтеуге, бір бөлімі патшалық қажетіне кететіні. Патшалық қажеті мен облыс қажеті бір-біріне жақын.

Облыс қажеті болсын, патшалық қажеті болсын, жақсы өтелсе, халықтың рақаты, тыныштығы сонан табылады. Мұнсыз жұртта береке болмайды.

Патшалық сонда күшті һәм бай, даңқты болады, егер қол астындағы халықтардың көңілдері разы болса, шаруасы жайлы. Патшалық әлсірейді, егер халқы кедей болса, надандық сазына батады.

Халықтың мұндай тыныштығын, рақатын табу үшін екі түрлі билеу бар. Бірі - патшалықтың үстінен қарап тұратын ұлық мекеме. Екіншісі - жеке-жеке облыс, губернаторларды билейтін мекеме.

Көп заманнан бері біздің һүкіметіміздің ең артық билеу деп санағаны Петербургте отырып, губернаторлар, үйездной начальниктер, приставтар һәм басқа шенеуніктер арқылы халықты меңгеріп, қажетін өтемекші болған, қанша школ, қанша ауруханалар керек екенін есептеген, қандай закон шығаруда ұйғарған билеу еді. Халықтың өз тізгіні өзінде болмай, не болса да жоғарыдан келуші еді. Соңынан байқалды, бұл түсті билеуден халыққа келер пайданың жоқтығы ап-анық көзге көріне бастады: халық надан қалып барады, жылдан-жылға мал азайды, ауру-сырқау көбейді, жұрттың кәсібі оңғарылмады. Бұл билеумен бәрін білу, халықтың ауырған жерін табу қиын. Мезгілінде халыққа жәрдем беру мүмкін емес екеніне көзі жетіп, һүкімет мынаны істеуге көнді: жұрт ісінің бір бөлімін жұрттың өз қолына, өз билігіне тапсыруға, яғни жұрт өз ісін өзі басқаратын мекеме ашуға. Сол ниетпен һүкімет мұнан 50 жыл бұрын Россияның кей губернияларында земство аша бастады һәм осы кезде де ашып тұрады.

Енді земство қандай қажеттерді өтейді? Земствоның өтейтін қажеттері мынау: оқу-оқыту ісі, от пен судан сақтау, адам һәм мал дәрігерлігі, ашаршылықта, жұтта мұқтаждарға жәрдем беру, жол түзету, поштаханалар ашу һәм басқа сондай жұрттың күшімен басқарылатын жұмыстар.

Облыс қажеті не нәрсе екенін білгеннен кейін, бізге танысарға керек: Шенеуніктер билегенде һәм билеп тұрғанда халықтың қажеті қалай өтелді? Мысалы, оқу жайынан бастайық.

Торғай облысында 4 үйезге қараған 60 ұлыста 475 ауылнай қазақ бар. Адам саны еркек-әйелімен 470 мың 109 болады. Осынша халыққа ашылған школ - 132. Бір школ 3 мың 562 адамға келеді. Мұнда әрбір 1000 адамның 63-і ғана хат таниды. Торғай облысында, басқа облыстардағы қазақпен салыстырғанда, оқушы көбірек. Енді оқушының азырақ жағы - Жетісу облысын алайық.

Жаркент үйезінде әр 1000 адамның 23-і ғана хат таниды. Қапал үйезінде - 38 кісі, Лепсі үйезінде - 37 кісі. Қазақта оқудың кемдігі осыдан көрінсе керек. Бұл күнге шейін орысша бастауыш школдан басқа, қазаққа арналып ашылған орта дәрежедегі (гимназия, реальный училище секілді) школдар. Орыстың орта һәм жоғары дәрежедегі школдарына қазақтың бірен-саран бақытты ұлдары ғана кіріп жүр. Жұрттың көбіне жол жоқ, есік жабық. Осы күні ілгері ұмтылған талапкерлер көп болса да, өз күші жетпей, қазына жәрдем бермей, халықтың ақшасымен пайдалана алмай, әурешілікте жүр.

"Қазақтың" №26-нөмірінде жазылған еді: "Биыл күздігүні Орынбордағы Киргизский учительский школаға кіруге 40 қазақ баласы келіп, төртеуі-ақ кіріп, қалғандары орын жоқтықтан елдеріне қайтты" деп. Соңғы жылдарда мұндай оқиға Орынборда да, басқа жерлерде де болыңқырап тұр. Осы кезде қазақ бұрынғыдай емес. Оқуға ынталы. Бірақ әлгіндей орын болмай, көбісінің тауы шағылып жүр. Мұны иә ерлік қылып, иә елдік қылып ескерген жан жоқ. Қазақтан жиналатын ақша нендей орынға жұмсалатыны, қаншасымен пайдаланып жүргенімізді есептемейміз. Егер қазақтың өз тізгіні өзінде болып, жұрттан жиналған ақшаны өз қажетін өтеуге жұмсайтын болса, қазақ баласы кіруге орын таба алмай қаңғырмас еді.

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

«Земство не нәрсе?» мақаласынан

«Қазақ» газеті, 1913 жыл, №32

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы. 2-том. - Алматы, 2013 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?