Танымал әнші Жазира Байырбекова перзентхана алдында сәбиді музыканттар мен аниматорлар шақырып, аса сән-салтанатпен қарсы алуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі бұл пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында білдірді.
«Перзентхананың алдында, музыканттар мен аниматорларды шақырып, сәбиді сән-салтанатпен қарсы алуды дұрыс деп санамаймын. Өйткені перзентхана – тек қуаныштың емес, кейбір отбасылар үшін ауыр сынақтың да орны. Бір бөлмеде жаңа өмір есігін ашып жатса, екінші бөлмеде біреу үлкен қайғыны бастан өткеріп жатуы мүмкін. Осындай сәттерде айналадағы адамдардың көңіл күйін де ескерген дұрыс», — деді.
Оның сөзінше, мұндай қуанышты отбасы ортасында, үйде тыныш атап өткен немесе нәрестенің 40 күнін күткен әлдеқайда жарасымды. Перзентханада әртүрлі жағдайдағы, соның ішінде нәрестесінен айырылып, қайғы жұтып отырған аналар бар екенін де ұмытпаған жөн.
Әнші: «Перзентханадағы әрбір ананың арманы — дүниеге дені сау сәби алып келу. Сол сәбиді қарсы алу үшін туыстары перзентхананың алдында тойлап жатады. Ал ол жердің ішінде әртүрлі жағдайдағы аналар бар екенін ескере ме?! Ол жерде сәбиін жоғалтып жатқан аналар бар», — деп атап өтті.