Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова "Айқын" газетіне берген сұхбатында Дінмұхамед Қонаев жайлы еске алды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
"Димекеңмен кезінде бір - екі рет жүздескенмін. Марқұм Ермек Серкебаев екеуміз барып арнайы сәлем беретінбіз. Димекеңнің қарапайымдылығы соншама, ол адам үйге кіргенде төрде паңдана күтпей, есіктің алдына шығып қарсы алатын. Кейін Дінмұхамед Қонаев тақтан түскен соң бірсыпыра уақыт қысымшылықты бастан кешті ғой. Бір кездері Димекеңнің үйіне баяғыдай еркін баруға ешкімге рұқсат берілмеді. Үй алдында жүрген күзетші бізге Қонаевпен сағат кешкі 20:00 - ге дейін ғана сұхбаттасуға болатынын түсіндірді. Ал басқа уақытта кіруге тыйым салынды.
Кезінде маған «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілген уақытта ең бірінші хабарласып құттықтаған жан – Дінмұхамед Ахметұлының өзі еді. Сонда Димекең риясыз қуанып: «Құттықтаймын сені! Бақытты бол, игілігімен болсын!» деп тілегін айтты. Дінмұхамед Қонаев партияның бірінші хатшысы қызметін атқаратын уақытта галстук пен костюмін киіп, сықиып отыратын. Өзі денелі адам еді. Бір күні ол маған: «Қызым, сен бойдақтардың шайын ішкің келмей ме?» деп хабарласты. Мен дәл сол сәтте консерваториядағы жұмыстан қайтқан едім, сағат кешкі бес-алты шамасы болатын. Жүгіріп жетсем, есік алдынан қарапайым ғана спорттық киім киген, жылы жүзді жан қарсы алды. Әдеттегі ресми киімде отырған Димаш жоқ. Қазір сол кездерде таспаланған естеліктердің біршамасы есімде қалмапты. Әңгіме арасында ол өткен өмірінен сыр шертіп, біраз мәселені қаузайтын. Әуелі Мәскеуде оқуды тәмамдаған соң Балқашқа жіберілгенін, содан кейін Зухра Шәріпқызы келгенін айтты. «Барақ үйлерде тұрдық, тұрмыс қиын болды» дейді. Кейін Өскемендегі Риддерге жіберіпті. Сол тұста елде соғыс басталып, өзі оқталып майданға аттанғысы келген, бірақ оны «елге қажетсің» деп жібермеген екен. Димекең сұрапыл соғыс кезеңінде 8 оқтың біреуі Риддерден болғанын айтады. Сондай бір жүздесулеріміздің бірінде мынадай қызық оқиға болған. Дінмұхамед Қонаевтың үйінде үй күтушісі орыс әйел жүретін. Бір кезде Димаш үй күтушісінен : «Сен мұнда кім отырғанын білесің бе?» деп сұрады. Сол әйел мені алғаш көргенде кім екенімді білмей, тек жүзі таныс көрінгенін айтқан. Сонда Димекең: «Бұл біздің аңыз қызымыз, бұлбұл – Бибігүл Төлегенова» дегенде, үй күтушісі шошып кетіп, қолындағы шәйнектегі шайды төңкеріп алды.
Димекең Зухра апамызбен талай қиындықты бірге өткергенін, тұрмыс ауыр болғандықтан, баласыз қалғандарын да мұңая еске алды. Жары қайтыс болғаннан кейін біраз уақыт жалғыздықта өмір сүрді. Әрине, мұндай кезеңде оның көңілі құлазиды. Осылай жүздескен уақытта ол үнемі: «Үкімет менің басымдағы қалпағымнан бастап, аяғымдағы шұлығыма дейін тегін берді. Зухра Шәріпқызы ауырған кезде барлық пианино, кілем, жиһазымызды балалар үйіне өткіздік. Тапқан - таянған жалақымды да сонда аударып отырдым. Егер Үкімет маған киімім мен тамағымды беріп отырса, дүние жинағаным не керек?», – дейтін.