Ақтөбеде ұлттық аспапты діни тұрғыдан «харам» деп атап, қоғамда үлкен наразылық тудырған 33 жастағы азамат құрықталды, деп жазады Alash.kz.
Тәртіп сақшылары оның әрекетінен діни араздықты қоздыру белгілерін анықтап, қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта күдікті сот шешімімен уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Азат Қоныс есімді азамат әлеуметтік желіде жариялаған видеосында қазақтың қасиетті аспабы мен өзге де ішекті аспаптарды шариғатқа қайшы деп мәлімдеген. Оның бұл пікірі желі қолданушыларының наразылығын тудырып, артынша құқық қорғау органдарының тексерісіне негіз болды. Полиция өкілдері күдіктінің жеке басын жедел анықтап, оны ұстау бойынша іс-шараларды жүзеге асырды.
Күдікті өз видеосында:
«Құрметті қазақ елі, домбыраға қарсы сөйлеген болсам, кешіріп қойыңыздар. Алайда Қазақстан ханафи мазхабын ұстанатындықтан, шариғат бойынша ішекті аспаптар – гитара, домбыра, балалайка болсын – бәрі «харам» болып есептеледі», – деп айтқан болатын. Бұл сөздер діни және ұлттық құндылықтар арасында қайшылық тудыру ретінде бағаланды.
Облыстық полиция департаменті жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
«Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті әлеуметтік желілерде діни негіздегі араздық пен өшпенділікті қоздыруға бағытталған пікірлер жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның жеке басы анықталып, ұсталды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.