Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Денис Теннің ұсынысымен түсірілген киноның тұсаукесері өтті

02:50, 22 шілде 2022 236
Алматы қаласы үшін Денис Тендей талантты ұлдың, жарқ етіп сөнген жұлдыздың орны бөлек. Сондықтан жыл сайын қалада Денис Теннің туған күні мен өмірден қайтқан күндерін елеусіз өткізбеуге тырысып, түрлі шаралар ұйымдастырылып жатады.

Ал биыл мәдени қалада Денис Теннің жобасы бойынша түсірілген «Соқыр махаббат» фильмінің таныстырылымы өтіп, Денистің табынушыларын бір қуантты. Спортшының өмірден өткеніне төрт жылдан асқанын еске алған қала тұрғындары талантты ұлдың идеясымен жүзеге асқан фильмнің ерекшелігін де айтуда.

Аталған фильм 2019 жылы қазақстандық және халықаралық мамандардың қатысуымен Голливудта түсірілген болатын. Фильм желісі бойынша бойжеткен – мылқау, ал жігіт соқыр. Олардың арасындағы махаббат тарихы әлеуметтік желіде хат алмасудан басталып, бір біріне сезімін жеткізудегі қиындықтарды суреттейді. Қос ғашықтың бір-біріне өз ерекшеліктері туралы қалай жеткізерлерін білмей алас ұруы, сезімге берілуі фильмде шынайы көрініс тапқан. Ерекше адамдардың арасындағы махаббат сезімінің де ерекше болатынын көрсеткен кино көрерменнің көңілінен шығары анық.

Фильм желісінен-ақ Денистің махаббат бар жерде ештеңе кедергі емес екенін көрсеткісі келгенін, жастарға тазалық пен шынайылық бар жерде сезімнің айрықша болатынын көресткісі келген ниеті аңғарылады. Осы орайда айта кетсек, Денис Тен 2018 жылы Тимур Бекмамбетовтың BAZELEVS компаниясы ұйымдастырған қысқа метражды фильм байқауына қатысып, сол кездің өзінде-ақ ол ұсынған фильм желісінің ерекше екені айтылған болатын. Әлемнің түкпір-түкпірінен 250-ден астам түскен өтінімнің ішінде Денистің сценариі үздіктердің қатарына өткен. Кейін Денис Тен өмірден өткен соң Тимур Бекмамбетов спортшының сценарийі бойынша фильм түсіру ниеті барын айтқан болатын. Қазақстандық және халықаралық мамандардың қатысумен өткен түсірілім спортшы өмірден өткен соң басталды. Енді аталмыш фильмнің тұсауы кесілген соң 28 шілдеден бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында көрсетілімге шығады деп күтілуде. Киноны түсірушілер алдағы уақытта оны Оңтүстік Кореяда да прокатқа шығарылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Тимур Бекмамбетов «Денис өмірден өтпес бұрын түсірілім жұмыстарын  Лос-Анджелестен бастауды жоспарлап қойған едік. Бірақ бір айдан соң Денис өмірден өтті. Алғашында абдырап не істерімізді білмей қалғанымызбен кейін фильмді қалайда шығару керек дестік. Сонымен Денистің анасымен бірге бұл фильмді түсіру керек деп шешіп, қайта іске кірістік. Түсірілім жұмыстары 2019 жылдың басында басталып, үш айға созылды» дейді. Желісі жастардың күнделікті өмір тұрмысын көрсететін, адамдардың қазіргі тұрмыс тіршілігі боямасыз көрсетілетін фильм көрерменнің көңілінен шығады деп күтілуде.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар