Маңғыстау облысында тағы бір сарбаз психиатриялық клиникаға түсті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
19 жастағы Нұргелді Байыштың анасы Жарқынай Лұқпанованың айтуынша, ол әскерге мүлде сау болып кеткен, алайда 5 айдан кейін "тұлғаның бұзылысы" диагнозымен оралған. Анасының сөзінше, әскерге дейін ұлының денсаулығына қатысты ешқандай мәселе болмаған."18–19 жасқа дейін дені сау болып келген баламыздың бірнеше айда осындай ауруға ұшырауы ақылға қонбайды. Бұл – оның болашағына балта шабу", – дейді ол.
Stan.kz ақпарат агенттігі таратқан ақпарат бойынша, дәрігерлердің мәліметінше, қазір бақылауда 3 мерзімді әскери қызметкер бар, диагноз қойылған тағы 4 сарбаз үйлеріне жіберілген.
"Жекелеген жарияланымдарда таралған жеті әскери қызметшінің өз-өзіне қол жұмсауға бейім мінез-құлық танытқаны жөніндегі ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта медициналық мекемеге әскери борышын өтеп жатқан үш сарбаз жатқызылған, олардың тарапынан өз-өзіне қол жұмсауға бейімділік әрекеттері байқалған жоқ", – делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.