Ақтөбеде Елек өзенінен табылған 16 жастағы Ислам Төреғали мен 27 жастағы Сырлыбай Саматтың өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды Alash.kz Қазинформға сілтеме жасап.
Марқұмдардың туыстары бұл жағдайдың жай кездейсоқ оқиға емес екенін айтып отыр. Олардың пікірінше, оқиға орнында үшінші адамның болуы ықтимал.
Еске салсақ, 2 желтоқсанда құтқарушылар екі күн бойы іздестірген Ислам мен Сырлыбайдың денесін тапқан болатын. Бұрын бір-бірін мүлде танымайтын екеуінің бір түнде, бір жерде өлі табылуы көп сұрақ туғызған.
Исламдың анасы Айгүл Кереева ұлының денесін көрген сәтте қатты қорқып, абдырап қалғанын айтады. Мәйітхана қызметкерлері денені пакетте беріп, ашпауды ескерткеніне қарамастан, отбасы үйге келген соң оны қарауға мәжбүр болған.
«Исламның денесінде сау жер жоқ еді. Темірмен ұрғандай, мұрны сынған, бүкіл денесі көк ала қойдай болған. Ұлым өздігінен суға батып кетуі мүмкін емес. Оны өлтірген. 16 жастағы бала кімге кедергі болды екен? Оның жанында біз ешқашан көрмеген ересек адам қалай тап болды?» — дейді анасы.
Исламды Құлсары қаласына жерлеп келген отбасы қазір сот-медициналық сараптама қорытындысын күтуде. Айгүл сол түні ұлының үйде жоғын байқап, дереу іздеуге кіріскенін еске алады.
Тағы бір жұмбақ жайт – марқұмдардың бір-бірін танымауы. Алдын ала мәлімет бойынша, Исламды моншадағы жұмысынан кейін Сырлыбай алып кеткен.
Екінші марқұмның әкесі Самат Қәлиев те жағдайдың түсініксіз екенін айтады. Оның сөзінше, ұлының денесінде зорлық белгілері байқалмаған.
«Балам бізбен бірге кешкі асын ішіп кеткен еді. Ересек адам ғой деп уайымдамадық. Кейін оны өзеннен тапқанын хабарлады. Оны жасөспірім баламен не байланыстыруы мүмкін? Олар құрдас емес, қызығушылықтары да әртүрлі. Олардың қалай бірге болғанын түсіне алар емеспіз», — дейді Сырлыбайдың әкесі.
Сырлыбайдың көлігі Елек өзенінің жағасындағы бос жерден табылған. Екеуінің де ұялы телефондары көлікте қалған. Тергеушілер олардың соңғы қоңырауларын және хабарламаларын тексеруде.
Туыстарының үміті – көліктің тұрған жеріндегі бейнебақылау камерасында.
«Бұл камера бәрін түсіріп алуы керек еді. Әрбір қимыл көрінуі тиіс. Бірақ тергеу жүріп жатыр деген сылтаумен бізге жазбаларды көрсетпей отыр. Бар үмітіміз сонда. Мүмкін, сол түні шын мәнінде не болғанын сол камера айтып берер», — дейді Исламның әпкесі Нұрханым.
Қазіргі таңда полиция ресми түсініктеме берген жоқ. Іс өлім себебі анықталмаған жағдайда қозғалатын бап бойынша тергелуде.