Алматы облысында ер адам 15 жыл бірге тұрған әйелін бес жасар қызының көзінше пышақтап өлтірді. Қайғылы оқиғада көмекке алғаш болып дабыл қаққан да сол кішкентай қыз болған. 39 жасында қаза тапқан Жазираның денесі кеше жер қойнына тапсырылды. Ал күдікті қылмыс жасалған күні ұсталды. Марқұмның туыстары оған ең ауыр жаза тағайындалуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Alash.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Жантүршігерлік оқиға сәрсенбі күні үй ішінде болған. 45 жастағы ер адам әйеліне бірнеше рет пышақ сұғып, оны төсекке жатқызып кеткен. Ең сорақысы — қанды қылмыс баласының көз алдында жасалған.
Күдікті ізін жасыру мақсатында үйді тазалап, қанға боялған сүлгілерді газ плитасының артына тығып қойған. Ал ауыр жараланған әйелін ұйықтап жатқан қызының жанына жатқызып, үстіне көрпе жауып кеткен. Таңертең оянған бала анасының жағдайын көріп, бірден ата-әжесінің үйіне жүгіріп барып көмек сұраған.
Марқұмның анасы Тұраш Қуанышева қызының денесінде пышақ тимеген жер болмағанын айтады. Оның сөзінше, күйеу баласы жүк тасушы болып жұмыс істеген, ішімдікке әуес болған.
«Газ плитасын жылжытқанда артынан қанға боялған сүлгілер шықты. Үйді тазалап, қызымды төсегіне жатқызып, үстіне көрпе жауып кеткен. Қызымның жанында кішкентай қызы ұйықтап жатқан. Таңертең немерем жүгіріп келіп: “Апа, жедел жәрдем шақырыңызшы, мамама пышақ салды” деді. Барсам, үсті-басы түгел қан. Кеудесінен, қолтығынан, ішінен бірнеше рет пышақ сұққан», – дейді марқұмның анасы.
Ерлі-зайыптылар 15 жыл азаматтық некеде өмір сүрген. Анасының айтуынша, ол күйеу баласының зорлық-зомбылық көрсеткенін бірнеше рет көріп, қызын ажырасуға үгіттеген.
«Ұрған сайын арасына түсетінмін. Талай рет қуып жібердім. Ішімдік ішетін. Қызымның өмірі осылай аяқталады деп кім ойлаған…», – дейді ол.
Қанды оқиғаға отбасындағы жанжал себеп болған. Алайда көршілерінің айтуынша, ерлі-зайыптылардың жиі жанжалдасқанын байқамаған. Марқұм ауылдағы дәмханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істеген.
«Жазираны бала кезімнен танимын. Өте жақсы, сабырлы адам еді. Өзінен өзі жанжал шығаратын адам емес», – дейді көршісі Елжас Рахиман.
Күдіктінің қылмыс жасаған сәтте мас болғаны айтылып отыр. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша «кісі өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 6 қаңтар күні тіркелген. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, отбасылық жанжал кезінде азаматтық некедегі жұбайына пышақ жарақатын салған. Әйел алған жарақатынан бірнеше сағаттан кейін көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі объективті түрде тексеріліп жатыр», – деді облыстық ПД өкілі Ернар Сәйділдин.
Айта кетейік, осы айдың басында ғана марқұм күйеу баласының үстінен арыз жазған. Алайда арада екі апта өтпей, ата-ана жалғыз қызынан айырылып отыр.