Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Дәстүр мен технология үндескен Алматыда жас таланттардың шығармашылығы өрістеп келеді

15:29, 27 қараша 2025

 

 Балалар мен жасөспірімдердің креативті ойлауына, техникалық қабілетіне және қолөнерге деген қызығушылығына жағдай жасау – қаланың стратегиялық бағыттарының бірі. Ұлттық өнерді жаңғыртып, жаңа технологияларды меңгертетін жобалардың қатар жүруі Алматыны балалар шығармашылығын дамытудағы жетекші орталыққа айналдырып отыр.

Алматы Оқушылар сарайындағы «Ақ киіз» шығармашылық бөлімі соның айқын көрінісі. Бұл үйірме жас буынды ата-баба өнерімен таныстырып, ұмыт бола бастаған киіз басу дәстүрін жаңғыртуда маңызды рөл атқаруда. Балалар жүнді өңдеу, киіз шабу, ою-өрнек түрлерін құрастыру және ұлттық бұйымдарды сәндеу сияқты қолөнердің күрделі қырларын меңгереді. Тәжірибелі ұстаздар шәкірттеріне тек техникалық дағдыларды ғана емес, қазақ мәдениетінің терең мән-мағынасын да ұғындырып, ұлттық құндылыққа деген құрметін арттырады. Тақия, әшекей бұйымдар, тұрмыстық және сувенирлік заттар жасау барысында балалардың шыдамдылығы, эстетикалық талғамы және шығармашылық қиялы қалыптасады.

Алматылық оқушылардың шығармашылығы тек дәстүрлі қолөнермен шектелмей, инновациялық бағыттарда да дамып келеді. Астана мен Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары әзірлеген VoiceX жобасы – жасанды интеллект пен инженерлік ойлаудың біріккен нәтижесі. Бұл құрылғы дауысынан айырылған адамдарға сөйлеу мүмкіндігін қайтаратын ерекше технологиялық шешім ретінде қоғам назарын аударды. Жоба мойындағы әлсіз микровибрацияларды анықтап, оларды адамның өз дауысына ұқсас сөйлеуге айналдыратын күрделі алгоритмдерге негізделген. Балалар командасы мыңдаған аудиожазба арқылы AI-ды үйретіп, адамның тембрі мен интонациясын дәл беретін синтез тәсілін жасап шықты.

Бұл өнертабыс жасөспірімдердің әлеуметтік жауапкершілігін ғана танытып қоймайды, сонымен бірге Алматыдағы білім беру мекемелерінің инновациялық ойды дамытуға бағытталған стратегиялық жұмыстарының нақты нәтижесін көрсетеді. Оқушылардың өз бастамасымен әлеуметтік маңызы жоғары мәселені шешуге ұмтылуы – қазіргі білім беру жүйесінің шығармашылыққа, инициативалық ойлауға және технологиялық ізденіске кең мүмкіндік беріп отырғанын дәлелдейді. VoiceX жобасының халықаралық деңгейдегі байқауларға жолдама алып, Samsung Solve for Tomorrow конкурсының жартылай финалына өтуі – балалардың инженерлік құзыреттілігінің, ғылыми зерттеу дағдыларының және техникалық сауаттылығының жоғары деңгейге көтерілгенін айқын көрсететін көрсеткіш. Сарапшылармен жұмыс жүргізу, дауысты синтездеу алгоритмін жетілдіру, прототиптеуге және патенттеуге дайындалу сияқты күрделі кезеңдерден өту жас өнертапқыштардың ғылым мен шығармашылықты қатар игеріп жатқанын дәлелдейтін маңызды қадамдар.

Қалада креативті білім беру экожүйесінің кең ауқымда қалыптасуы  Алматының үлкен жетістіктерінің бірі. Бір жағынан ұлттық өнерді жаңғыртатын студиялар, қолөнер мектептері мен шығармашылық үйірмелер жас буынға мәдени мұраны меңгеруге мүмкіндік береді; екінші жағынан, STEM бағытындағы шеберханалар, робототехника кабинеттері, жасанды интеллект зертханалары мен инженерлік орталықтар балалардың технологиялық ойлауын дамытуға жағдай жасап отыр. Осындай көпқырлы білім беру инфрақұрылымы балалардың тек бір салада емес, түрлі бағытта ойлауына, өз әлеуетін жан-жақты ашуына ықпал етеді. Ұлттық рухты бойына сіңіре отырып, әлемдік ғылыми-техникалық үрдістерді меңгеру бүгінгі жас ұрпақтың жаңа буын шығармашылығының ерекше белгісі.

Алматыда дәстүр мен технология үйлесім тапқан осындай ортада өсіп келе жатқан жас таланттардың болашақта қала мәдениеті мен ғылыми-инновациялық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Ұлттық өнерге құрметпен қарап, заманауи технологияларды игеріп, жаңа идеялар мен әлеуметтік маңызы бар жобалар ұсына алатын буын қалыптасуда. Жасөспірімдерге көрсетіліп отырған қолдау олардың шығармашылық еркіндігін кеңейтіп қана қоймай, болашақта еліміздің инновациялық дамуына үлес қосатын азаматтардың қалыптасуына жол ашады.

Алматының мәдени-ғылыми кеңістігінде өніп шыққан жас шеберлер мен өнертапқыштар шығармашылығы өркендеген, ұлттық құндылықтары сақталған және технологиялық тұрғыдан алға басқан қоғамның негізгі тірегі болмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар