Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев алған жарақатына байланысты бірнеше апта бойы алаңға шыға алмайды. Бұл туралы «Бернли» футбол клубының бас бапкері Ники Хайен мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ағылшын Чемпионшипінің бесінші турындағы «Бристоль Ситиге» қарсы ойыннан кейін команданың бас бапкері қазақстандық шабуылшының денсаулық жағдайын түсіндіріп өтті.
«Иә, өкінішке қарай, ол бірнеше аптаға қатардан шықты. Бұл - аса мән беруді талап ететін белгілердің бірі. Бұған дейін айтқанымдай, ол маусымалды дайындықтан өткенімен, ол толыққанды болған жоқ. Біз ойыншыларға қажетті жүктемені бере отырып, оларды барынша сақтауға тырысамыз», - деді Ники Хайен.
Еске салсақ, Чемпионшиптің өткен турында «Мидлсброға» қарсы кездесуде Дастан Сәтпаев «Бернлидің» негізгі құрамында бастапқы минуттан өнер көрсетіп, матчтың ең үздік ойыншысы болып танылған еді. Алайда ойынның 81-минутында алаңнан ауысып бара жатып, санның артқы бұлшықетін ұстап кеткен болатын.
Кейіннен инсайдерлер Сәтпаевтың сіңір жарақатын (подколенное сухожилие) алып қалуы мүмкін екенін хабарлады. Жас талантымыз негізгі құрамдағы алғашқы матчында-ақ жоғары ұпай жинап, сарапшылардың оң бағасын алған еді.