Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығында науқастарға қатыгездік көрсетілген болуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты тексеріс басталды, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Тексеріске Threads әлеуметтік желісіндегі жарияланым себеп болған.
Жазба авторының айтуынша, ерлерге арналған №2 бөлімшеде санитар А. есімді қызметкер егде жастағы науқастарды бейнебақылау камералары жоқ жерлерде, әсіресе дәретхана бөлмелерінде ұрып-соғады деген күдік бар.
Сондай-ақ кейбір пациенттердің денесінде көгерген іздер байқалғаны, ал олардың қорыққандықтан болған жағдай туралы айтуға батылы жетпейтіні айтылған.
«Қолда бар мәліметке сүйенсек, бұл бір реттік оқиға емес, жүйелі түрде қайталануы мүмкін. Егер бұл деректер расталса, жан-жақты әрі мұқият тергеу жүргізілуі тиіс», – делінген Threads-тегі жазбада.
Әзірге аталған ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Құзырлы органдар жарияланған мәліметтерге байланысты тексеру жүргізуде.