Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Челси» бас бапкері Дастан Сәтпаевтың бүгінгі ойыны туралы пікір білдірді

20:59, 28 шілде 2026

Лондондық «Челсидің» бас бапкері Хаби Алонсо австралиялық «Вестерн Сидней Уондерерс» ұжымына қарсы өткен жолдастық кездесуден кейін өткен баспасөз жиынында қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаевтың шеберлігіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Alash.kz.

Таблода 6:4 есебі тіркелген тартысты бәсекеде Дастан Сәтпаев кездесудің алтыншы минутында-ақ есеп ашып, лондондық клуб жейдесіндегі өзінің дебюттік голын соқты. Сондай-ақ аталмыш ойында Дариу Эссугу, Джейми Гиттенс мергендігімен танылса, Жоау Педру хет-трик авторы атанды.

Ойын аяқталған соң БАҚ өкілдері Хаби Алонсоға 17 жастағы отандық таланттың ойын өрнегі мен оның алдағы маусымдағы мүмкіндіктері жайлы сауалдар қойды. Ба бас бапкер маусымалды оқу-жаттығу жиындары толық аяқталмайынша, негізгі құрам төңірегінде нақты шешім қабылданбайтынын айтты.

«Алдымызда шешімін табуы тиіс көптеген сұрақ бар. Қазіргі сәтте біз өткен маусымда командада болмаған футболшылардың әлеуетін бақылауға жақсы мүмкіндік алып отырмыз. Сол себепті де алғашқы ресми кездесуге дейін құрамның соңғы нұсқасы туралы сөз қозғау әлі ерте», – деді Хаби Алонсо.

Сонымен қатар испаниялық маман қазақстандық ойыншының тактикалық әрі жеке шеберлік ерекшеліктеріне арнайы тоқталды.

«Мен Дастанның ойынымен өткен жылдан бері, Алматыда болған кезімнен таныспын. Оның өзгеше қабілетке ие дарын екені бірден байқалады. Ол қарсылас қақпасына қауіп төндіруге икемді, шабуыл шебіндегі бос кеңістікті шебер пайдаланады әрі қапталдан ортаға қарай ойысып, өте тиімді әрекет етеді. Бұл – оның клуб деңгейіндегі алғашқы тәжірибесі, соған қарамастан өзін өте жақсы қырынан көрсете білді», – деп айтып өтті «Челси» бапкері.

Ал Сәтпаевтың Англия Премьер-лигасының қатал әрі жоғары қарқынына физикалық тұрғыдан дайындығы туралы сұраққа Алонсо қысқа да нұсқа жауап қайтарды.

«Ол өте қарымды әрі өте жылдам. Сіздер оның шеберлігіне әлі-ақ тәнті боласыздар», – деп мәлімдеді маман.

17 жасар Дастан Сәтпаевтың «Челси» сапындағы сәтті қадамы отандық футболсүйер қауымның ерекше ықыласын тудырды. Ал жас шабуылшының жаңа маусымда негізгі құрамға ене алу-алмауы оқу-жаттығу жиындары толық аяқталған соң белгілі болмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар