Павлодар қаласында сепаратистік сипаттағы бейнежазба жариялады деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода әйел адам қазақ халқы мен оның егемендігі туралы балағат сөздер айтып, тіл тигізген болатын. Аталған оқиғаға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми мәлімдеме жасап, күдіктінің тұтқындалғанын растады. Ведомство өкілдері төмендегідей төл сөзін келтірді:
«Ағымдағы жылдың 28 қазанында Павлодар қаласында ҰҚК органдары прокуратураның үйлестіруімен сепаратистік сипаттағы видео жариялады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстағанын хабарлаймыз. Тиісті сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ол бұған дейін есірткі заттарын өткізгені үшін сотталған».
Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына орай, тергеу мүддесіне байланысты өзге деректер жария етуге жатпайды.