Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бозторғай...

07:37, 22 шілде 2022 294
Орман, орман бала орман

Күйі сыры бар орман

Саяңа ендім тағы да

Татқызар болсаң бал орман

Бұл қазақтың шайырқызы Марфуға Айтқожинаның өлеңі. «Қыз бен орманның тілдесуі». Дұрысы Ару қыздың арманы, ойы, жаны, жүрегі, сезімі, сенімі селт еткені. Сергелдеңге емес сезім деген құдіретті күштің еркіне еріксіз бөленуі, берілуі. Ақын арудың көңілін, жан-тамырын қалай дөп басқаны құдды Риманың... кешіріңіздер Рымбаланың өзі айтып тұрғандай. Рима да осы орманның ішінде өсті бой жетті. Қыз болып қылтиып әлемге қарады. Күні бойы орманда жеміс-жидек теріп өсті. Кейде құс төсектей  қалың мүктің үстінде сонау биік қарағайдың ұшына қарайтын. Аппақ бұлтты бұтағына орап алған зәулім қарағай жәймен ғана сол бұлтты тербеткендей. Әлде сілкігендей.. Ақша бұлт та ғашығының саусағынан үзіліп айрылғандай әлде қайда маужыраған қалыпта  маңып барады.

Рымбаланың әкесі Қарқаралыда 30 жыл бойы орманшы болып істеді. Тіпті зейнетке шықаннан соңда үйреншікті ісінен қол үзе алмады. Өйткені орман Кенжебаланың  өтесүйікті ортасы болатын.

Рымбала тық тық басып отыр. Тық-тық... Бұл қыздың ешкімге айтпас құпиясы... Тық-тық.. тырс-тырс... Көзінен тамған ыстық жас алдындағы ақ қағаз-лентаға тамып жатыр, тамып жатыр. Қалайша? Қалайша құлап қалдым? Рымбала Қарқаралыдағы мектепте жақсы оқыды. Алтын медаль болмаса да тым-тым жақсы оқыған. Әкесі Кенжекең осы қызды оқыту үшін аудан орталығы Қарқаралыдағы орыс досы Михаилдың үйінде оқытты емес пе? Қазақшаны онсыз да біледі енді орысша үйренсін деген. Әке үмітін ақтай алмағаны ма? «Дәрігер болмай-ақ қояйын. Бірақ оқуға түсе алмадым, масқара болды-ау...» Рымбала намысты қыз боп өсті. Мектепте жақсы оқыды, үйірмелерге қатысты. Әсіресе ән салғанды ұнататын. Нағашы ағасына еліктеуші еді. Рымбаланың анасы Айтбану да жақсы әнші болатын. Өз орталарында құрбы-құрдастар отырыстарында ән салдырмай жібермейтін. Нағашы ағасы домбыра шертіп ән салғанда бүткіл ауылдың қыз-жігіті жиналатын. Анасы 12 құрсақ көтергенімен, төртеуі ғана қалған. Қалғандары бала кезде шетінеді. Сондықтан да Кенжекең осы қызды ерекше жақсы көрді. «Сенің табаныңа кірген шөңге, менің маңдайыма батсын» деп өсірді. Есейген Рымбала ақылды қыз боп өсті. Ағаларымен бірге шалғымен шөп шапты, атқа да отырды. Үйдің бар жұмысын істеді. Тіпті ормандағы жеміс-жидекті теріп жинайтын. Сосын қарағайдың сағызын жақсы көретін.

 

Аппақ қайың,

Қарағайың

Қосылыпты табысып.

Сұлу терек,

Жасыл желек

Құшақтасып қабысып.

Қарағайым!

Жұпар майың,

Жібек желмен аңқиды.

Жұпар шаштың,

Көкірек аштың,

Мас болып тән балқиды.

 

Әкесі Кенжебала өмір бойы орманда істеді. Тіпті жолдас-жора, тамыр-таныстары басқа жұмыс ұсынғанымен, Кенжекең көнбеді. Орман оның үйіндей болды. Жаны жабырқаса да, көңілі шаттанып қуанса да, ол орманға кететін. Орман оның сырласы да, мұңдасы да, серігі де, сүйіктісі де болатын.

Келер жылы Рымбала Қарағандыдағы институттың филология факультетіне түсті. Өйткені Қарқаралы ерекше қасиетті жер. Ол жерде Қаз дауысты Қазыбек би, Тәттімбет, Мәдилер туып өскен. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Әміре, Сәкендер бұл жердің дәмін татып, суын ішкен. Сосын бұл жерге орыстың ғалымдары Григорий Потанин тоқтаған, саяхатшылар атбасын тіреген өлке. Әйгілі жазушы Михаил Пришвин осы жерде «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» естіген.

Рымбала мектепті орысша бітірген. Әсіресе, әдебиетті жақсы көрді. Сондықтан да Рымбала филология факультетіне қиналмай түскен. Студенттік жылдар жас қыз үшін өте қызықты болды. Оқу, сабақ, қала берді концерт, театрдан қол үзбейді. Қасындағы құрбыларына аңыз бен ертегінің, ән мен жырдың өлкесі Қарқаралының тарихын, ерекшеліктерін, оның ішінде сонау 17 ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығындағы Будда храмынан бастап,Шайтанкөлдің тарихын, Қоянды жәрмеңкесін онда келген С.Сейфуллин, Ә.Бөкейханов,А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Қажымұқан, И.Байзақов, Қ.Қуанышбаев / Қаллекилер / туралы мақтанышпен айтып береді.

Рымбала институтты бітірген соң бір жыл мектепте мұғалім боп істеген. Жас қыздың бойындағы бұла күш тыным бермей ол класындағы балалармен үйірме құрған. Сол балалармен оқуда да, сабақтан соңғы үйірмеде де бірге жүреді. Шәмшінің, Қасым Аманжоловтың әндерімен бірге орыс, украин әндерін де айтқанды жақсы көреді. Мұғалім болу, балалармен жұмыс істеу өзіне ерекше ұнайтын. Осындай күндердің бірінде Бөпежан Иманқұлов шақырған. Ол кісі аудандық партия комитетінің хатшысы, соғыс ардагері, өте білімді, абыройлы адам. Бөпежан аға әңгімеге бірден көшті.

- Рима, сені біз аудандық комсомол комитетіне хатшылыққа ұсындық деген. Рымбала таң-тамаша болды. Өне бойын қорқыныш билеп кетті.

- Жо-жоқ ағай, бара алмаймын.

- Неге?

- Менің класым бар. Оқушыларым... Оның үстіне директорымыз Сыпатаев Нөгербек ағайдың тапсырған ісін аяқтамай кеткенім ұят емес пе?.... Хатшы күлді.

- Жарайды директормен өзіміз сөйлесеміз. Жалпы партияның шешіміне ешкім қарсы болмауы тиіс.

Рымбала сөйтіп 24 жасында Қарқаралы аудандық комсомол комитетіне II хатшы болды. Күндіз-түні жұмыс. Әсіресе, мал шаруашылығы алдыңғы қатарға шыққан. Оның үстіне сол кездегі Қарқаралы ауданында құрылған шопандар мен механизаторлар комсомол жастар бригадалары Қазақстанға танымал болды.  Кейіннен комсомол бригадасаның алғашқы мүшесі, механизатор Нұрбақыт Қадбыкәрімова Социалистік Еңбек Ері аталып, еліміздің мақтанышына айналды.Дегенмен, ол кез қиын да ауыр кезеңдер еді. Мектеп бітірген өрімдей жастарды оқуға жібермей, ауылдағы отарға алып қалатын.Әрине, кейінне оларға оқуға жлдама берілетін.Бірақ қаншама тағдыр, қаншама арман қанатынан қиылған уақыт болғанын жасыра алмаймыз. Әрине олар адал еңбек етуге тырысты.

Рымбаланың әлі есінде, жастарды қолдау үшін жағдайларын білу үшін аудан басшыларышопандар бригадасына жиі-жиі баратын.Кешке от жағып, олармен ұзақ отырып, қосылып ән салатын. Жүздері жел мен күнге тотыққан қазақтың жап-жас қыз- жігіттері шеттерінен өнерлі. Ән де салады, домбыра, баян, гитара да тартады. Қасында отырған хатшы «Ендігі кезекті Рымбала Кенжебалақызына берейік» дегенде Рымбала жастарға қосылып, әдемі әндерді шырқай жөнелді. Әуені нәзік даусымен түнде көкке шапшыған қызыл жалынмен бірге үн қосқан. Барлығы да үнсіз ұйып тыңдап қалды.

Шетке таман отырған ұзын бойлы әдемі қыз булығып, лирикалық ән айтылған кездежылап, қараңғыда тұра жөнелді. Иә.. бұл махаббаттың күйігіне өртенген қыз емес, әділетсіздік пен дәрменсіздікке душар болған содан да жас жаны тығырыққа тірелген еркін ойлы арудың жан ұшыруы болатын. Басқаның не ойлағанын кім білсін, Рымбала ол қыздың неге жылағанын түсінді. Бұл советтік идеологияның алдымен қоғамды, оның жүйесін, содан кейін ғана адамды қоятын саясаттың көрінісі еді. Рымбала кейде осыны ойлап елсіз, ешкім көрмейтін, білмейтін иен далаға қаңғып кеткісі келетін. Амал не?... Ұйқысы қанбай, таң атпай ояна салып жұмысқа қайта келетін.

Жалпы Рымбала қызмет жолыныңбастауынан-ақ шаруашылықпен қатар өнер мен мәдениеттің жанашыры, ұйымдастырушысы бола білді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Париж аспанын әнге бөлеген Қарқаралының даңқты «Салтанат» ән-би ансамблінің құрылуы мен Еуропаға сапарының арасында қаншама қажырлы еңбек жатыр. Осы ансамбльдің қалыптасуына еңбек сіңірген жандардың бірі-аудандағы партия жетекшілерінің бірі Рымбала болатын. Алматыға, Мәдениет министрлігіне дейін өзі барып, арнайы мәселе қойғаны да күні бүгінгідей есінде. «Салтанат» ансамбліндегі дала таланттары - ауыл өнерпаздарының бірін биге, енді бірін балетке, вокалға жаттықтырып, оқытып, Франция сахнасына дайындаған жарты жылдың ішінде қасиетті Қарқаралы топырағына әйгілі Болат Аюхановтан бастап,Заур Райбаев, Мұрат Хайруллин, Владимир Пилипенко сияқты небір өнер шеберлері келді.

Ал 1976 жылы «Салтанат» ән-би ансамблі Еуропада қазақ елінің атын асқақтатып қайтқаннан кейін Алматыдағы опера және балет театрында ансамблдің есепті концерті дүрілдеп өтті. Рымбала осы концертте оркестрдің сүйемелдеуінде өзінің нәзік мецо-сопрано үнімен «Қарқаралы вальсін» шырқады...

Сарыарқа өнері, мәдениеті, руханияты жайлы сөз қозғасақ, әрине Рымбала Кенжебалақызысыз әңгіме өрбіту мүмкін емес. Рымбала өз өмірін, уақытын, бақытын, барын тек осы салада сарп еткен жан. Қай жерде болмасын жанын салып еңбек етті. Қай жұмыс болмасын оңай емес. Өндіріс те, ауыл шаруашылығы да, мал шаруашылығы да қиын. Білім саласы, спорт, оқу-ағарту да солай. Бірақ солардың ішіндегі өнер - өте ауыр. Себебі онда жаны нәзік, анадан туғанда талантты деген тұлғалар, дарындылар аз емес. Олардың әрқайсысы бір төбе. Ал жақсы менеджер бүгінгі тілмен айтсаң продюсер олардың психологы, ұстазы бола білу керек.

Рымбалада осы қабілет бар. Ол біреуге дос, біреуге жолдас, сырлас, ал біреуге ақылшы әпке, тіпті ана да бола білді. Сондықтан да Рымбала қолына алған кез-келген істі тындыра білетін азамат. Бір жамандықтың артында, бір жақсылығы болады. Кешегі нәубет заманда ұлы Сталин емес, улы Стекеңнің кезінде осы өңірге айдалып келген дарындар аз емес-ті. Солардың қатарында биші Арам Мурадьен, пианист Гельмут Вейс, Париждегі консерваторияның түлегі Алла Вербо, Кіші театрдың бишісі Марина Лебедева, пианистка, дирижер Маряна Лер және әйгілі Қазақстандағы ТЮЗ-ды ашқан Наталья Сац болды. Олар өз білгендерін, тәжірибелерін осы өңірдің халқына арнады.  Бойындағы таланттарын шама шарқы жеткенше аямады. Жалпы талант, дарын да кішігірім күн іспеттес. Күн адамды сәулесімен жылытса, талант- адам жанын жадыратады. Көкірегіне нұр құяды. Міне өнердің құдіреті осында. Рымбаланың істеген қызметін— осы өлке біледі. Адамның басы — Алланың добы демекші. Тағдырдың суық желі айдаған әлгіндей азаматтар із қалдырған өңірде өнер туын жоғары көтеру қиын да, жауапты шаруа-тын. Ал, Рымбала осы жұмысты адал,  әрі абыроймен атқарды.

«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, Рымбала істеген жылдары Қарағанды облысы бойынша өнер ошақтары көптеп ашылды. Атақты Тәттімбет атындағы Ұлттық аспаптар оркестрі, камералық оркестр,«Мерей», «Әуен» ансамбльдері, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» бишілер ансамблі т.б. ұжымдар. Әсіресе, 1988 жылы ашылған қазақ ұлт аспаптар оркестрі. Бұл кез Колбин деген сұмпайының Қазақстанды басқарып тұрған кезі. 1986 жылы желтоқсандағы бұрқ ете қалған қазақ жастарының ісі жер жаһанға жария бола бастаған кезең. Біздің зиялы қауымды езіп, шаншыған Кремльдің уақыты. Осындай ел басына күн туған кезеңде атпал азамат, жастардың сүйікті сардары болған Қуаныш Сұлтановтың «жер аударылып», Сарыарқа төріне келген уақыты. Маңайына қатал да, мәдениет пен өнерді руханият пен спорттың жанашыры Қуаныш Сұлтанов бұл өңірде де көптеген іске мұрындық болды. Басында 28 адамнан тұратын оркестр, кейін Академиялық ұлттық аспаптар оркестрі бұл күнде үлкен өнерордасына айналғанын көзі ашық жан білуі тиіс. Иә, бұл өте қызықты да, қауырт кез еді. Оркестрге дирижерлыққа Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі Дүйсен Үкібайды шақырды. Жер-жерден артистерді шақыру, оларға пәтер, аспаптармен қоса сахналық киім тігу айтуға ғана оңай. Ең негізгісі — өз шығармашылығы бар, өз тағдыры бар толыққанды оркестр жасау керек еді. Рымбала болса осы жауапкершілікті нардай көтерген. Оркестрдің тұсаукесеріне Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ш.Қажығалиевтердің келуі, баталарын беруі үлкен абырой болды. Сол сияқты облыс мәдениет басқармасын басқарған Мақат Рымжановтың кезінде ашылған Теміртаудағы музыкалық комедия театрын Қарағандыға көшіру жөнінде шешім қабылданған болатын. Ал республикадағы жалғыз музыкалық комедия театрының аяғынан тік тұрып кетуін қадағалау Рымбала Кенжебалақызының мойнында болатын. Тіпті осы ұжымды«Академиялық» атағына ұсынғанда сол кездегі Министрлікте басшылық еткен Дүйсен Қасейінов Рымбаланың ұсынысын қолдап, театр «Академиялық» атағына ие болды.Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Беларуссия, Украина, Татарстан сияқты елдерге дейін гастрольдік сапарларға баруы мәдениет басшысының көзге көрінбес еңбегі деуге болады.

Жалпы өнерге меценат керек пе?

Ақан сері, Балуан шолақ, Біржан сал, Естай, Әміре, Жаяу Мұса, Иман Жүсіп, Құлтума, Үкілі Ыбырайлар меценатсыз-ақ өмір кешті дерсіз. Иә.. Алайда ол заман басқа да, қазіргі кезең басқа. Әсіресе ұжымдық, коллективтік өнер ордаларында ұйымдастыратын бір адам болмаса, ешкімніңбасы бірікпейді. Ансамбль, филармония, симфониялық, джаз оркестрлері, ән, би ансамбльдері, театрлар, цирк, опера, хор... Әр ұжымның творчествалық деңгейі, бет-бейнесі,яғни репертуары, декорациясы, киім-кешегі, реквизиті, афиша, программасы қала берді олардың гастрольдік сапары... Тізе берсе толып жатыр. Міне жақсы ұйымдастырғыш, менеджер басшы осылармен айналысады. Оның үстіне әрбір ұжымда жақсылықты көрмейтін, іші тар қызғаншақ,  таланты төмен, ойы да, бойы да пәкене пәлелер болады. Ал жақсы басшы осылардың тігісін жатқызып, бәрін бірдей ұстайды. Міне, Рымбала осындай жан.

Бір кездері дүрілдеп тұрған С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театры да құлдырап, тозып творчествалық тоқырауға түсе бастаған кезінде Рымбаланың еңбегі орасан. Қарағандыда театр үшін қиын күндер болғанын бүгінде ешкім білмейді. Театрға ұшан теңіз еңбек сіңірген Ерсайын Тапенов іргетасын қалайтын жаңа театр ашылуын ойлап, Павлодар облысына бас режиссер боп кетті. Және жай кеткен жоқ Сәкен театрының білдей-білдей артистерін өзімен бірге ала кетті.«Жығылғанға жұдырық» демекші іргеден ашылған Целиноградтағы жаңа театрға да Жақып Омаров біраз артистерді шақырып алып кетті. Не директор жоқ, не бас режиссер жоқ... Қазақ театры жабылудың алдында қалды. Тамырын сонау өткен ғасырда,  ашаршылық кездерінде яғни 1932 жылы қаланған қара шаңырақтың ортасына құлар кезі болған қиын сәт. Арқаның Қара шаңырағы құласа, онда қара ормандай қайысқан мына дүйім елге не бетімен қарамақ? Рымбала сол күндері көз ілмей, таңды таңға ұрды. Кезінде осы театрда істеген алғашқы қарлығаштар, сахна шеберлері Ж.Шашкина, М.Әбдікәрімов, Ә.Шәймерденов, Т.Жабаев, З.Жақыпов, А.Ыбыраев және театрымызда тұсауы кесіліп, қанаттанған Қазақстанның халық артистері Мүлік Сүртібаев, Рахия Қойшыбаева, Әнуар Молдабеков, Қарғаш Сатаев, Асия Абылаева бастаған қаншама дарындыға өнердің бастауы да, сүрлеуі де болған есті сахна, Есіл сахна... «9 актер қалған қазақ театры театр болмайды, орыс-қазақ труппасын қосамыз» деп жоғары жақтағылар, яғни облыс басшылары шешім қабылдайды. Рымбала осындай қиналған сәттерде бұрыннан білетін өнердегі досы даұлттық руханияттың жанашыры Мәдениет министрлігіндегі Әшірбек Сығайға телефон шалады. Мән жайды айтқан. Әшекең де қиналып тұр екен. Ақыры сол кезде облыстық мәдениет басқармасына қарайтын өнер училищесінен /қазіргі Тәттімбет атындағы өнер колледжінен/ Рымбала Кенжебалақызы актер бөлімін ашуға бел байлады. Облысымыздағы талантты, дарынды балаларды театрдың белді актерлерімен іріктеп, училищеде сабақ берулеріне жол ашып, болашақ театр актерлерін дайындауға кірісіп кетеді. Бүгінгі таңдағы театрдың орта буын таңдаулы актерлері – Қарағандыучилищесінің алғашқы түлектері. Қарағандыға күйеу бала, Талдықорғанда режиссер боп жүрген Әлімбек Оразбековты театрға шақырды. Бар болғаны 9-ақ артисі қалған Сәкен театрын облыс басшыларының қолдауымен осылай сақтап қалды. Бұл Омарбекованың өнер десе «отқа түссе жанбайтын, суға салса батпайтын» батыр қыз екенін көрсеткен кезі. Ол келе сала театрдың өсуіне, оның шығармашылық шыңдалуына үлкен зор еңбек етті. Облыстық мәдениет басшысы Рымбала осы сәтті пайдаланып Республикалық театр фестивальдерін өткізе бастады. Сол жылдарда ауылдағы клуб, кітапхана, мәдениет орталықтарының қиын кезеңі еді. Сол кездегі Үкімет басшысы Қажыгелдиннің қаулысымен бір кезеңдерде жабылып қалған ауылдағы кітапханалар мен мәдениет үйлеріне Рымбала бастап, аудан басшылары мен жанашыр халқының арқасында қан жүгірте бастады. Аудан орталығында, ауылдарда мәдениет үйлері, клубтар, кітапханалар қайта жаңғырған сайынРымбала қуанышқа сыймай жүретін. Алайда қазақ пен орыс театрының бір шаңырақта болуы да үлкен проблема еді. Облысқа жаңа келген жас жігіт Нұрлан Нығматулинге осы мәселені айтқан. Нұрлан осы өңірдің тумасы. Комсомолда шыныққан қайратты патриот жігіт Елбасының осы өңірге келгенін пайдаланып рұқсатын алды. Театрдың  салынған жері де қаланың қақ ортасындағы Бұхар жырау проспектісінде. Әкімшілік кезінде жекеменшікке өтіп кеткен жерді алуда оңай шаруа емес-ті. Алайда сөзі де, көзі де өткір Нығматулин айтқанында тұрып бір жарым жылға жетпес кезеңде Зәулім театрды осында салды. Бұл да Рымбаланың еңбегі деуге болады. Бір қызығы жаңа театрдың ғимаратының алдына Сәкеннің сәнді де, әдемі ескерткіш бой көтерді. Бұның да мәні бар екенін мен кейін білдім. Кезіндегі «Зобалаң кездері» Сәкенді ұстап түрмеге жапқанда дәл осы ескерткіштің жанындағы жертөледе отырған екен. Уақыт шіркін төреші – әр нәрсеге әділдікпен үн қатады. Бұл тек Сейфуллиннің қайта тірілуі емес - бұл қазақ руханиятының, мәдениетінің, әдебиетінің әділдікке қол созған, жеткен шағы-тын. Әрине бұндай қуаныш өзінен-өзі келмейтіні хақ. Артынан іздейтін, жоқтайтын жанашырлары болуы тиіс. Ал, Рымбала болса нағыз осы іздеуші, сұраушы, жоқтаушы басшы болды.

Өз басым Рымбала Кенжебалақызын кеш таныдым, білдім. «Әншінің өзінен бұрын құлағы туады» демекші, Рымбала жайлы әңгімені бұрын еститінмін. Орысша, қазақшаға бірдей, орта бойлы, иман жүзді апам адамды бірден баурап алатын кісі екен. Рымбала Кенжебалақызының тұсында қазақ өнерінің ірі тұлғалары, әнші-ақын, сазгер мен саңлақтар Сарыарқаға ағылып тұратын. Әсіресе, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Илья Жақанов, Бәкір Тәжібаев, Ескендір Хасанғалиев сияқты үлкен аға-әпкелерінен бастап, Иосиф Кобзон, Лев Лещенко, София Ротару сияқты жұлдыздар талай мәрте осы өңірге өнерлерін паш етіп қайтқан қонақтар. Әсіресе, аты әлемге мәшһүр Светослав Рихтерді Қарағандыға шақыруы. Рымбала сол кезде Рихтердің келгеніне қатты қуанды. Ұлы музыканттың шығармашылық таланты, дарыны бір әлем болса, оның қарапайымдылығы – тіпті, орын тілеп тұрған біраз көрерменді сахнаға шығаруы да үлкен мектеп, тәжірибе екеніне көзі жетті.

Бүгінде Ұлытау облысы болып қайтадан ашылған Жезқазғанда өзіндік ерекшелігімен қазақ халқының мақтанышы қазақ музыкалық драма театры бар. Кезінде Торғай өңіріне сонау Москвадан келген бір топ жастар ашқан. Дұрысы ол театрдың ашылуына тікелей мұрындық болған Өзбекәлі Жәнібеков. Қазақ елінің мәдениетінің, өнерінің, руханиятының шырақшысы Өзағаң екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Жезқазған облысын жапқан жертесер жексұрындар өнер ордаларын да қирата бастады. Міне осы кезде Омарбекова шырылдап тұрып алды. Өйткені қаладағы жалғыз Қазақ театры жабылса өнердің де соры қайнайтыны хақ болатын. Әрбір облыс әкімі ауысқан сайын Рымбаланың айтатын ең үлкен өтініші Серағаңның театрын жапқызбауды сұрайтын. Міне, бүгінде Серке Қожамқұлов атындағы қазақ театрының шын жанашыры болған, шырақшысы да болған осы апайымыз Рымбала.

Арқаның мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қарағанды қаласының және Қарқаралы ауданының құрметті азаматы Рымбала Кенжебалақызын көп жұрт «өзіміздің Мәдениет министріміз» деп атайды. Кезінде Мәдениет министрі болған Еркеғали Рахмадиев пен министрдің орынбасары Әшірбек Сығай Рекеңді министрдің орынбасары қызметіне шақырғанда, Рымбала Кенжебалақызы қазыналы Қарағандысын биік лауазым тағына айырбастағысы келмеді. Рекеңе «Өнердің Ұлпаны» деп ат қойып, ерекше құрметтеген де сол сырбаз да, сұңғыла Әшекең еді.

Қарағандыдағы бірден-бір мемлекеттік «Сарыжайлау» кинотеатрына жетекшілік етіп отырған соңғы жылдары Рекең дамып келе жатқан қазақ киноиндустриясының өнімдерін, Ш.Айманов атындағы  киностудия фильмдерін насихаттап, қазақ тілінде таныстыруға айрықша үлес қосуда. Қазір Сарыжайлау жәй ғана кинотеатр емес,  көпшіліктің келіп демалатын, орта тауып, сырласатын, тіпті ардагер апа-аталардың көңіл көтеріп, би билеп, ән шырқайтын шуақты шаңырағына айналған.

Өткен жолы ғаламтордағы бір көрініс әлі көз алдымда. Дарылдаған, лапылдаған үлкен комбаин сайын далада шаңы бұрқырап егіс орып келеді. Ал, боздаған бозторғай кішкене балапандарына бүткіл мына әлемнен пана сұрап шырылдап жатыр. «Зұлмат» трактордың алдында сарауыз балапандар қонақтаған ұясын қауырсын қанатымен жабуға тырысады. Неткен құдірет! Неткен махаббат! Неткен аналық Ұлы күш! Ана махаббаты! Біздің Рымбала Кенжебалақызын мен кейде осы бозторғайға ұқсатамын. Өнердің жанашыр бозторғайы Омарбекова...

Аман болыңыз!

 

профессор, театр және кино режиссері 

Талғат Теменов

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар