Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Блицтен әлем чемпионаты. Бірінші күн қорытындысы

08:15, 31 желтоқсан 2022 275

Алматыда шахматтан рапид және блиц бойынша өтіп жатқан әлем чемпионаты да  мәресіне таяп келеді.  Блицтен басталған доданың алғашқы қадамын яғни символикалық жүрісті жүру отандық бизнес өкілдеріне жүктелген. Алдымен Кеңес Рақышев өзбекстандық Нодирбек Якубов пен америкалық Хикару Накамура арасындағы партияны бастап берді.  Берік Қаниев Лагно (ФИДЕ) мен Гүлрухбегім Тохиржонова (АҚШ)  ойынының алғашқы жүрісін жүрді.        


Блиц додасының бірінші күн ойындарының қорытындысы  бойынша көшбасшылық тізгін америкалық Хикару Накамураның қолында. Ашуға да бой алдырғанына қарамастан,  жылдамдықты да уысында ұстап, өзінің блицте қамшы салдырмайтынын дәлелдеді. Жалпы Накамура блицте өте әккі ойнайтын стратег грссмейстер.  Бекер адам 12 турда 8 жеңіс, 4 тең нәтижеге қол жеткізе ала ма?  Демек, Накамураның да Алматыдан әлем чемпионы атанып қайтқысы келеді. Сонымен қатар Магнус Карлсен, Данил Дубов (ФИДЕ) еншісінде әзірге жеңіліс жоқ. Көшбастаушылар тізімінде  нидерландылық  Аний Гири,  армян Айк Мартиросян,  румын Ричарт Раппорт бар. Бұлар да 12 ұпайдың 9-ын  жинады.  Енді финалдық тартыстағы 9  турда  барын салатыны анық.    


Еліміздің ерлер құрамасының үздігі Ринат Жұмабаев 6,5 ұпай жинап жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап отыр.  Тағы бір атап өтер жайт. Ринат –  блицте 2700 ұпай  жинап, үздік ойнышылар қатарына кірген әзірге жалғыз қазақстандық гроссмейстер. Елімізде жас шахматшылардың қарқыны жоғары екені қуантады. Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында 14 жастағы Алдияр Аңсат   блицтен әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы деген атағы бар Александр Грищукті ұтып кетті. Одан бөлек бір емес, 11  гроссмейстермен тайталасып,  өзінің ұпайын олжалады.  Алдиярдан бөлек Жандос Ағманов, Қазыбек Нөгербек, Денис Махнёв, Рустам Хұснидинов та тәуір нәитиже көрсетті. Алда әлі бірнеше маңызды турлар тартысы бар, демек қазақстандық шахматшылардың көрсеткішін жақсартатын мүмкіндік те мол.


Қыздар арасындағы сайыста көш басына  Полина Шувалова мен Валентина Гунина (ФИДЕ) шықты. Олар 9 ұпайдың 7,5-ін еншіледі.  Олардан кейінгі  сатыларда   өкшелеп Тань Чжунъи мен Александра Костенюк, Александра Горячкина тұр. Блицтен былтыр өткен әлем чемпионатының жеңімпазы отандасымыз Бибісара Асаубаева 6 ұпай жинап үздіктер арасында тұр. 9-турда Элизабет Пётцке қарсы партияда  өз мүмкіндігін сәтті пайдаланғанда  ұпайын молайтып, көш басындағыларға тіптен жақындай түсер еді.  Десе де Бибісарадан әлі де күтеріміз мол, ертеңгі финалдық тартыста дүр сілкініп, медаль алады деген үміт басым. Назерке Нұрғали 5,5 ұпай жинаса,  Жансая Әбдімәлік, Ксения Балабаева, Лия Құрманғалиева,  Меруерт Қамалиденова 5 ұпайдан олжалады. Бұл қыздарымыздың барлығында  да үздік 15 шахматшының қатарына енуге мүмкіндігі мол.             



Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар