Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады" - Алаштың талапты азаматына үндеу

14:19, 20 мамыр 2024 493

АЛАШТЫҢ ТАЛАПТЫ АЗАМАТЫНА!

Үндеу

1-інші июлден басталып адам, мал, егін һәм шаруаның есебі алынады.

Бұл есеп біздің Росияның қоластындағы тәмәм жұртқа болады.

Есепті атқаратын қызметші үш дәрежеде болады: регистратор - хатшы, мұның алатыны 150 сом; хатшылардың жөндеушісі - инструктор, мұның ақысы 200 сом; бұларды жөндеуші бастық, ақысы 300 сом.

Болып тұрған бостандық, теңдік, туысқандық біздің қазақ баласына жоқ жерден - аспаннан түсті. Мұжық болсын, татар болсын, қазақ болсын, жақсылық қадырын біліп жатқан жоқ.

"Сабасына қарай піспегі" болмады. Жұртқа бостандық, теңдік, туысқандық болған соң, жұрт бостандықты бұлданып, өз тізгінін өзі алып, қағушы, соғушы, күзетші өлді деп күшеюі керек еді; жұрт теңдікті бұлданып, ер-әйел, бай-кедей, мырза-мұқара, төре-қара, ақсақал-жас деп бөлмей, бәрін тең ұстау керек еді; жұрт туысқандықты бұлданып, бір туған ағайын, құда-тамыр деп, қарындас-көрші демей барша адам баласымен ағайындық, туысқандық жолына тарту керек еді.

Бостандық, теңдік, туысқандық 18-інші ғасырдан бері жарыққа шыққан таза пікір. Мұны майданға салған Франсия жұртының саяси ерлері, осы үш түрдің бәрі біздің шариғаттан, інжілден, будда оқуынан, Лев Николаевиш Толстой философиясынан табылады, көзі ашық талапты ер іздесе.

Бұл үш ұраннан бөлек адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ. Бұл жолдан шыға жайылған хайуандыққа қайтқан болады.

Бірін-бірі жеген, бірін-бірі алдаған, бірін-бірі аңдыған, бірінен бірі кек алған - хайуан тұрмысы салты. Қағушы, соғушы, күзетші - хайуандық жолда адасқан адам баласына ғана керек.

Бостандық, теңдік, туысқандық қазақ баласына олжа болды. Қазақ баласының істеп отырған ісіне қарасаң, бүркітті қоянға, сұңқарды торғайға салған көрінеді. Қазақты бастаған ақсақал, мырза, хазыреті бұрынғы ескі ауруға салып, батпақ аяғын астауға салған құлын болып жүр.

Жалпы жұрт надан болады, бұзық болмайды, жұрт тұрмысында әділдік жоқ болса, жұрт болмақ емес. Бір қора қойды жалғыз қотыр лақ былғайды. Жалпы жұртты қотыр қылатын жалғыз-жарым адасқан, атқа мінген бүкірді көр түзетеді. Бұлар түзеліп бостандық, теңдік, туысқандық жолына түспес, бұларға Николай өшсе, көлеңкесі ферзі ғой!

Мұжық комитетін сайлап алды. Бізге ерік болса, біз жұртқа пайдалы кісіні сайлаймыз деп, партиясыз, талассыз істі бітіріп, шаруасын бітіріп жатыр.

Көрші қазақ бұрынғы партия - таласқа салып, шабуылда жүр. "Бостандық" деп ұрлықты қоздатты.

Қазақ жеріне земство болғалы тұр. Алдымызда "Учредительное собраніе" сайлауы бар.

Біздің адасқан надан жұртқа мұрындық болып, көз балып, бостандық, теңдік, туысқандық жолын ұғындыру зор борыш.

Ал, қазақ бастары, талапкер азаматтары, мына есепке кірісіп, қазақ жерін аралап, жұртқа үгіт айтыңдар!

Орыстың саяси партияларының ақшасы бар, жұртқа қызмет қылатын кісісі бар, мұжыққа үгіт айтуға әдейі арнап кісі шығарып жатыр.

Бізде ақша жоқ, кісі аз. Есепті жабылып жүріп, жұрт ісін істеп қалған оң. Июнде майданға барған жігіттер қайтып оралады. Бұратана бөлімінде жігіттерге қызмет қылып жүрген жастар босайды. Бұлар тағы қызметін жұрт үшін сарп етер. Бұларға енді елдегі ушителдер, мұғалімдер, өзге жастар қосылар деген үміт көп.

Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих (тарқы) жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады.

Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?!.

Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы

"Қазақ" газеті, №234, 24 маусым 1917 жыл.

Орынбор қаласы

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. X том.- Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар