Мемкірістер комитеті танымал блогерлерді неліктен тексеруге кіріскенін тәптіштеп түсіндіріп берді, деп жазады Alash.KZ. Жеке тұлғалардың кіріс-шығысын бақылайтын басқарма басшысы Дина Құсайынованың айтуынша, қалың бұқара тарапынан...
сән-салтанатта, шалқып өмір кешетін блогерлерге ешбір алым-салым салынбайды. Ана біреуі ләкшери көлік мініп жүр, тағы біреуі зәулім үйде тұрады. Байыған үстіне байып жатыр. Олар неге салық төлемейді?
деген арыз-шағым толассыз түсе бастаған.
"Халық әлгі блогерлердің қанша салық төлейтінін білгісі келеді. Соңғы екі-үш жылдың есеп-қисабын қопарып, кейбірінің шынайы табысы мен төлеген салығының арасында алшақтық барын анықтадық", - дейді комитет өкілі.
"Қара тізімге" іліккен блогерлер кешелі бері "бұл қайырымдылықтың, яғни халықтың тарапынан түскен ақша" екенін айтып желіні шулатып жатыр. Олар бұл түсімдерді қалай дәлелдейміз деп алаңдайды.
"Қазақстанда қайырымдылық туралы заң бар. Жұмысты заң аясында жүргізсе, әңгіме жоқ. Мәселе, оның есеп-қисабын дәлелдеуі керек. Оларға 30 күн мұрсат беріп отырмыз", - дейді Құсайынова.
Айтуынша, "налогывыйға" кімнің блогер, кімнің кәсіпкер екені маңызды емес. Заң бәріне ортақ.
Сөй деген комитет өкілі: "Кешелі бері улап-шулап жатқан блогерлердің дабырасы бекер. Біздің жұмыс бюджетті толтыру, блогерлер ата жауымыз емес", – дейді.
Құсайынованың айтуынша төбе жақтан "блогерлерді нұқып алыңдар" деген бұйрық түспеген. Ағаттық жібергенін түсінген кей блогер екі сөзге келмей, декларация тапсырып, салығын төлеп тастаған.
"Өзгелері бұған үзілді-кесілді қарсы шығып жатыр. Расымен, судан таза, сүттен ақ болса, салық органына келіп, тиісті деректермен дәлелдеп шықсын", – дейді Әшкере телеграм арнасы.