Астана соты экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қарсы талап арызды қарауға кірісті. Марқұм Салтанат Нукенованың ағасы одан моральдық өтемақы талап етпек, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Қылмыстық істер бойынша адвокат Жанна Уразбахова жәбірленуші тарапқа үкім шығарылғаннан кейін неге моральдық өтемақы талап ету қажет екенін түсіндірді.
Заңгердің айтуынша, егер шағым берілмесе, сотталған адам мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін.
Заң бойынша (Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес) жазаның белгілі бір бөлігін өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға болады, бірақ тек залал өтелген жағдайда ғана.
«Егер залалды талап етпесе, жәбірленуші тарап туысқанының өмірін қиған адамның қайтадан бостандыққа шыққанын білмей қалады. Мен адвокат ретінде қылмыс құрбандарына моральдық және материалдық залал сомасын талап етудің маңыздылығын түсіндіргенде, олардың 90%-ы басында бас тартады, ақша қажет емес дейді. Мәселе ақшада емес, қылмыскердің мерзімінен бұрын босап шығу мүмкіндігінен айыруда. Талап етілген сома неғұрлым жоғары болса, қылмыскердің босап шығу мүмкіндігі соғұрлым аз», – деп түсіндірді адвокат.
Жанна Уразбахова Түркістан облысында қайталанған педофилдің өз ауласында бес жасар қызды өлтіріп, кейін салқынқанды түрде оны іздеуге қатысқан жағдайын мысал ретінде келтірді. Сол кезде сот қылмыскерді қаза тапқан баланың отбасына 100 миллион теңге төлеуін міндеттеді.