Ryanair ұшағындағы терезе сынып, жолаушыны ұшақтан сыртқа тартып әкете жаздады, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Грекияның Салоники қаласынан Германияның Мемминген қаласына бағыт алған Ryanair әуе компаниясының ұшағында жантүршігерлік оқиға болды.
Ұшу басталғаннан кейін көп ұзамай салондағы терезелердің бірі сынып, қысымның күрт төмендеуінен 61 жастағы жолаушының басы мен иығы ұшақтың сыртына шығып кеткен.

Оқиға кезінде оның жұбайы Светлана Гркович бірден әрекет етіп, күйеуінің аяқтарынан ұстап қалған. Кейін тағы екі жолаушы көмектесіп, ер адамды қайтадан салонға тартып кіргізген.
«Егер өлетін болсақ, бірге өлеміз деп ойладым», – дейді Светлана.
Оның айтуынша, күйеуінің беті ауыр жарақат алған, мұрны мен аузынан қан кеткен. Қазір ер адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның қолы қатты зақымданып, күйік алған. Сондай-ақ ол қатты психологиялық күйзеліске түскен және болған оқиғаның көп бөлігін есіне түсіре алмайды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақтың оң жақ қозғалтқышында ақау туындап, одан бөлініп шыққан бөлшектер терезені сындырып жіберген болуы мүмкін. Соның салдарынан салонда қысым күрт төмендеп, жолаушылар оттегі жетіспеушілігін сезінген. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Жолаушылардың айтуынша, салонда жарылысқа ұқсас қатты дыбыс естіліп, көпшілік ұшақ құлап бара жатыр деп ойлаған.
Ryanair әуе компаниясы ұшақтың ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай Салоники әуежайына сәтті оралғанын хабарлады.
Компанияның мәліметінше, оқиға ұшу кезінде жолаушылар терезесінің ажырап қалуына байланысты болған. Зардап шеккен жолаушыға жерге қонғаннан кейін бірден медициналық көмек көрсетілген.
Flightradar24 деректеріне сәйкес, ұшақ шамамен 10 минут әуеде болғаннан кейін 2 700 метр биіктіктен шұғыл төмендеп, әуежайға қайтып қонған.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бұл Boeing 737-800 ұшағының пайдалануға берілгеніне шамамен 18 жыл болған.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себебін Грекияның авиациялық қауіпсіздік органдары зерттеп жатыр. Тергеуге Boeing компаниясы, АҚШ-тың Азаматтық авиация федералдық басқармасы (FAA) және Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) да қатысуда.