Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бір топ үндістандық: Ресей бізді мәжбүрлеп соғысқа жіберді

16:11, 07 наурыз 2024 449

Бізді Украинада Ресей әскері жағында соғысуға мәжбүрлеп жатыр. Дәл осылай деп Үндістанның бір топ азаматы видеоүндеу жолдады.

Видеоны NDTV үндістандық басылымның журналисі Ума Судхир твиттерде жариялады.

Бейнежазбадағы жеті азаматтың сөзіне құлақ түрсек, олар Ресейге 2023 жылғы желтоқсанның аяғында турист ретінде барған. Кейін бір турагент оларға Беларусьқа да баруды ұсыныпты. Әлгі ұсынысқа үндістандық азаматтар келіскен. «Ол жаққа бару үшін виза керектігін біз білмедік. Беларусьқа келген уақытта агент бізден ақы сұрап, сосын кетіп қалды» дейді олар.

Беларусьқа барғанда оларды милиция ұстап алған. Сөйтіп, оларды Ресей билігіне тапсырған. Ақырында оларға орыс тіліндегі құжатқа қол қоюға мәжбүрлеген көрінеді.

Содан кейін, News 18 үнді басылымының мәліметінше, Үндістан азаматтары 15 күн бойы әскери дайындықтан өткен, сосын «соғыс жүріп жатқан жерге» жеткізілген. NDTV мәліметінше, соғыстан бас тартқан жағдайда оларды 10 жылға соттаймыз деп қорқытқан.

2024 жылғы ақпанда Үндістан билігі Ресей армиясына түсіп қалған жиырма шақты азаматты елге қайтаруға тырысып жатқанын мәлімдеді. The Moscow Times газетінің жазуынша, олар Ресейге турист ретінде емес, жұмысшы ретінде келуі мүмкін. Басылым мәліметінше, Үндістанның бірнеше азаматына қоқыс жинаушы жұмысын ұсынған, бірақ оларды бірден әскери дайындық орталығына жіберген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар