Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бір апта суда жатқан»: Зайсан көліне батып кеткен екі балықшының мүрдесі табылды (ВИДЕО)

12:18, 30 қыркүйек 2026

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінде із-түссіз жоғалған екі балықшыны іздестіру жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Alash.kz.

22 қыркүйекте Күршім ауданы Балықшы ауылдық округінде 1979 және 2001 жылы туған екі ер адам Зайсан көліне балық аулауға шығып, қайтып оралмаған болатын. Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары үздіксіз іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Бұл шараға жергілікті тұрғындар да өз қайықтарымен белсене қатысты.

Іздестірудің алғашқы күнінде-ақ жағалаудан 3-4 шақырым қашықтықта суға батқан қайық табылған еді. Кейіннен 29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 2001 жылы туған азаматтың денесін тапса, 30 қыркүйекте құтқарушылар 1979 жылы туған екінші балықшының мүрдесін судан алып шықты.

Құтқару операциясының барысы туралы ресми өкілдер: «Іздестіру жұмыстары барысында ТЖМ құтқарушылары 63 рет сүңгу жұмыстарын жүргізіп, жағалау сызығы мен көлдің акваториясын, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып тексерді», — деп хабарлады.

Сонымен қатар, іздестіру шаралары ауа райының қолайсыздығына, қатты жел мен су бетіндегі толқындарға, сондай-ақ тексерілетін акватория аумағының тым үлкен болуына байланысты айтарлықтай қиындаған. Бұл сүңгуірлердің жұмысына да, судағы іздестіру топтарының қозғалысына да кедергі келтірген.

Айта кетейік, дәл осы Зайсан көлінде жақында ғана, яғни 18 қыркүйекте де суға батып кеткен өзге екі балықшының денесі табылған болатын. Ол кезде балықшылардың бірін жергілікті тұрғындар тапса, екіншісін ТЖМ сүңгуірлері жағадан 8,9 шақырым қашықтықтан анықтаған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар