Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Билік мыңқ етпеді

04:04, 12 желтоқсан 2023 232
-Қайдағы билік? – дейсіздер ғой:
-Біздегі, Қазақстандағы, билік.
-Қай билік? – дейсіздер ғой:
-Президенттік билік.
-Неге, қалайша? – дейсіздер ғой:
-Былайша: Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев әйгілі Семей атом полигонына қарсы күресті ресми ашық бастап, Кремльдегі «құдай» М.Горбачевқа 1989-жылы ақпанның 20-күні хат жазып, полигонды жабуды, басқа жаққа көшіруді халық атынан талап етті ғой. Ал 28-күні Семейге кремльдік комиссия келді.

Сөздің қысқасы: обком хатшысының ауызын буып тастамақ пиғылмен айбаттанған алты шонжар обкомда болған айқаста Кешірімнен жеңіліп, «жердің астымен» қайтты. Кешірімнің оларды қалай шоңқитқаны стенографиялық есепте жазулы, оны оқығанда Кешірімнің полигонның зардабын анық білгеніне, айтқанынан қайтпас Азамат екеніне көзім жетті. Және сүйінгенім: Горбачевқа 1990-жылдың мамырында, қыркүйегінде хат жазып, жоғарғы басшылықтарда халық мүддесін шынайы құрметтеуші аз екенін келіп-кеткен комиссияның қарекетінен байқағанын айтты. 40 жыл бойы полигонның тауқыметін тартқан халыққа материалдық ешқандай көмек көрсетілмегені адамгершілік болмағанын, заңсыздық екенін батыл айтып, Горбачев бұлталақтай берген соң, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Рыжковқа барып, ақырында талабын орындатып, тиісті қаулы шығарттырды! Нағыз ерлік емес пе?!
Кремльді дүрліктіргенінде-ақ Кещірімді бірден қолдаған танымал қайраткерлердің алғы тобы: КСРО Ғылым академиясының вице-президенті Е.Велихов, СОКП Орталық комитетінің хатшысы Л.Зайков, Бейбітшілікті қорғау жөніндегі советтік комитеттің төрағасы жазушы-публицист Г.Боровик, КСРО Халық депутаты жазушы, дәрігер Ю.Щербак, КСРО Қарулы күштер штабының бастығы армия генералы М.Моисеев, Біріккен қарулы күштердің Варшава бас штабының бастығы армия генералы В.Лобов, КСРО Жоғарғы Кеңесінің экология жайындағы комиссиясының бастығы ақын К.Салықов, Қазақстанның Мәскеудегі өкілі С.Әбділдин. Олар гәзеттерге мақала жазып, теле-радио тілшілерімен сұхбаттасқандарында батыл, әділ сөйледі.
Е.Велихов Семей, Курчатов қалаларында екі мәрте болып, жағдайды көріп-біліп, К.Бозтаевтың талаптарын қолдап, Горбачевқа хат тапсырған.
Комиссияның қай күні келетінінен хабардар болғандары сөзсіз Колбин мен Назарбаевтың «болар іс – болдыға» еріксіз жүгініп, полигонға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастырып үлгіруді қолға алғандарына сол тұста билік жүйесінде болған Әкежан Қажыгелдиннің сөзі дәлел. Ол полигонға қарсы күресте Семей облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Кешірім Бозтаевтың рөлі өте зор екенін атап өтіп: «Қозғалысты бағыттап отыру үшін оған жетекшілікке белгілі адамдардың бірін тағайындау ұйғарылды. Ақын Олжас Сүлейменовтің пайда болуы солайша», деді («ДАТ-ОП» гәзеті. 2016 ж.). Олжасты Н.Назарбаев ұсынған.
Сөйтіп, Семей полигонынға қарсы күресетін «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысы құрылғаны, жетекшісі Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы Олжас Сүлейменов екені, Жазушылар одағы ғимаратында жиын өткізілетіні ақпанның 27-күні хабарланды. Полигонның зардабынынан хабардар алматылықтар ертеңінде тез де көп жиналып, ғимараттың залына симай, жиналыс сыртта жалғасты. Олжас әдетінше екпіндеп, түйдектеп сөйлеп, қозғалысты өзі құрғандай өркештенді. Одан арғы күндері Одақта мәжілісті көбейтіп, сөзді тасқындатты. Дүние жүзі мемлекеттерінің басшыларына атом-ядролық сынауды тоқтату туралы үндеу жариялады, бірақ онысына тіпті іргелес Ресей де мән бермеді, 1990-жылы «Новая земля» полигонында ядролық жаңа бомбасын сынады.
1989-жылы мамыр айының 25-күні Мәскеуде КСРО Халық депутаттарының 1-құрылтайы болатыны хабарланып, оған депутат сайлау 1 ай бұрын басталды. Жазушылар одағынан ұсынылған кандидат Олжас өте алмай қалып, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев Кешірімге телефон шалып, Олжасты облыстан депутаттыққа өткізуді өтінді: «Ол Сізге барады, полигонға қарсы күресіңізде жақсы көмекші болады» деді. Иә, қалай көмектескенін Кешірім айтты:
“...Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды... Өкпек желдің қай жақтан соққанын білдім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті, Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий Цезарьша: - Бардым, көрдім, жеңдім! - деп шыға берді...
Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі, делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті аспандата мадақталды. Оның белсенділері (кездейсоқ жүргендер де бар) қозғалысқа басқаша бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналыс өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып жібергендері де болды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа айналып, өмір шындығынан ауытқып кетіп жатты» (Кешірім Бозтаевтың 1992-жылы шыққан «Семей полигоны» кітабынан. Кітаптың Назарбаевқа силанғанына да, Сүлейменовке жеткізілгеніне де шүбәм жоқ).
Бұл дерек Кешірімге көзі тірісінде ләм дей алмаған, қайтыс болғанынан (1999 ж.) кейін аруағына жармасқан атаққұмарларға ә дегенде-ақ шаншу болды.
Алайда:
«...Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия».
Бұл – президент Н.Назарбаевтың Кешірімді жасы алпысқа толуымен құттықтаған жеделхатынан (23.06.1993 ж.) үзінді. Ақиқатты анық айтты! Бірақ ол кейін бұл ойынан айнып кетті. «Полигонды біз жаптық!..» дей бастаған ақын досын қолдады. Ал «құдай берген ақын» («поэт от бога»):
«Да, он был первым секретарем обкома. Но не более того. Уж во всяком случае в борьбе за закрытия полигона на первом ряду его никто не видел» деді («Казахстанская правда» гәзетінде). «Полигона, оказывается, закрыли-то не мы, а какой-то секретарь обкома?!» деді («Свобода слова» гәзетінде). Ол ол ма: «Кто писал такое пиьмо, завтра же его там не был» («Свобода слова» гәзеті) деп, Бозтаевтың Горбачевқа жеделхат жолдағанын жоққа шығаруды көкседі. Бұл не?!. Бетпақтық!
Семей полигоны туралы сөздерде, мақалаларда «Кешірім Бозтаев» деген аты-жөн айтылмайтын, жазылмайтын болды. Ол солақайлыққа әрі таңданып, әрі наразы болып, 2009-жылы шілде айының 19-күні президент Н.Назарбаевқа «Кешірімнің кінәсі не?» деп ашық хат жазып: «Досыңыз Олжас Сүлейменовтің полигон тарихынан Кешірім Бозтаевтың атын өшіруге тырысуын тоқтатуға пәрменіңіз жетпей жүргені қалай?» деп сұрақ қойдым. Әкімшілігіндегі бір шенеунігінен: Президент хатыңызбен танысты, мәселе алай ғой, былай ғой, өткенді қайталай беріп қайтеміз, деп бұлғалақтатқан жауап келді. Дертесін қайыра жауап жібердім.
Бір ғана Семейдің емес, Ертіс бойындағы облыстардың халқын да 40 жыл қинаған полигонды жабудағы негізгі күш-қайратты еңбек иесі, нартәуекелді Кешірім Бозтаевтың туғанына 90 жыл толар алдында, әдебиетіміздің қадірлі екі ақсақалы – Мыңбай Рәш пен Уахап Қыдырханұлы мамыр айының 21-күні президент Қ.Тоқаевқа жолдаған «Жанпидалық жасаған Азамат еді!» деп атаған ашық хаттарында: «...Кешірім БОЗТАЕВҚА «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағын беруді өтінеміз! Бұл – жастары 90-нан асқан біздің ғана емес, Кешірім марқұмның кім болғанын жақсы білетін мыңдаған қазақстандықтың тілегі, деп біліңіз» деген (хат Қ.Тоқаевқа жіберілді, «Жас алаш» гәзетінде, интернеттің «Abaі.kz» сайтында жарияланды). Президентке мұндай ізгі ниетпен, игі тілекпен жазылған хат аз болмады, дей аламын. Бірақ ақиқат арқаулы тілектер буға айналған судай болды. Билік, тым болмаса, Астанада жиын өткізбеді. Бұл өмірде, қазақ жерінде БОЗТАЙҰЛЫ Кешірім атты Адам, Азамат, Қаһарман болмағандай!..
Семей полигоны «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жабылды» деушілер бар. Ол далбасаға жауап (Е.П.Велиховтың Ресей Орталық телеарнасының «Мәдениет» бағдарламасындағы кездесуде, 2008-жылы, өзіне қойылған бір сұраққа жауабынан):
«...Олжас Сулейменов к закрытию полигона имеет крайне незначительное отношение. Так, мимоходом – артикуляция и шумиха...
Главная идея контроля над прекращением ядерных испытаний заключалась в допуске советских специалистов в Неваду, а штатовских в Семипалатинск. Каждый устанавливает свою специальную аппаратуру и держит друг у друга руку на ядерном пульсе... Все переговоры с Госдепартаментом, Конгрессом, Пентагоном вел я и высшие офицеры КГБ и ГРУ. И никакого Олжаса Сулейменова там не было. То есть всё решалось на оси Москва – Вашингтон, а движение «Невада-Семей» было не больше чем цветок на обочине дороги...».
Евгений Павловичтің: «...всё решалось на оси Москва – Вашингтон» дегені екі жақтың өздеріндегі полигондарды қысқарту мәселесін талқылап, КСРО Семей полигонын жабуға келіскенін айтқаны. Ол шешімнен кейін Горбачевтің Назарбаевқа иек қаққаны, «тәуекелді» жарлық шыққаны түсінікті болса керек. Горбачевсіз (бүгінде – Путинсіз) қадам жасамаған кісіде өзіндік күш қайдан болсын!..
Әңгімемннің ыңғайына қарай халықаралық журналшы-жазуы ретінде танымал Әнуар Әлімжановтың 1990-жылы, қараша айының 13-күні, Англия парламентінің Қауымдар палатасында ядролық қауып-қатерге қарсы сөйлеген сөзіннен бір үзінді келтірейін:
«...Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі 1991-жылдың қаңтарында ядролық қару-жарақ мәселесін талқылайды, соның алдында мына біз ядролық қаруы бар елдердің үкіметтерін Ақыл-сана дауысын тыңдауға мәжбүр етуге тиіспіз!».
Әнуар Тұрлыбекұлы – Англия парламентінде сөйлеген жалғыз қазақ қана емес, Қазақстанның, Совет Одағының, бүкіл социалистік елдердің бір ғана өкілі. Ол құрмет – Әнекеңнің халықаралық қайраткер екеніне дәлел...
Адал еңбек адамгершілікті ортада әрқашан лайықты бағаланады. Осы тұрғыдан айтқанда, қосымша деректерім: КСРО деңгейінде мемлекет, қоғам, партия қайраткері болған Кешірім Бозтаев – КСРО Жоғары Кеңесінің Қорғаныс және мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мүшесі; КСРО Халық депутаты; Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттейтін академияның, Халықтық «Экология» академиясының (Мәскеу қаласы) академигі; Семей Медицина академиясының Құрметті профессоры; Қазақ КСР-на еңбек сіңірген өнертапқыш; Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты; Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер; Семей қаласының Құрметті азаматы. «Еңбек Қызыл ту орденімен» үш мәрте марапатталған. Медальдары, грамоталары бар.
Сондай-ақ, Кешірім, «найзадан қол босаса қалам алып» (Бауыржан Момышұлы), бүгінгі, ертеңгі жас ұрпақтарымызға ғылыми негізді бес кітап қалдырды. Олар: «Алғашқы оттан атомға дейін» (1956 ж.), «Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында шикізатты пайдаланудың тәжірибесі» (1972 ж.), «Семей полигоны» (1992 ж.), «Қайнар қасіреті» (1995 ж.), «29-тамыз» (1998 ж.). Бұлардың соңғы үшеуі – Семей полигонының шежіресі. «29-тамыз», егер жаңылыспасам, Кешірімнің танысы, ғалым-жазушы К.Ишиданың қалауымен, Нагасаки бірлестігінің жәрдемімен 1998-жылы жапон тілінде шықты.
Кешірімнің ұйымдастыруымен 1996-жылы наурыз айының 29-күні құрылған «Халықаралық «29-тамыз» Қоры» бүгінде де жұмыс істеуде. Президенті – әке жолын ұстанған ұлы Нұрлан Бозтаев. Қордың жұмысы туралы «ХХІ век. Устойчивое развитие Семипалатинского региона» атты кітапта (2006-жыл) былай делінген: «...Фонд получил реестровый консультативный статус при Экономическом и Социальном Совете ООН (ЭКО-СОС) в знак признания заслуг Фонда».
Қордың мақсаты – Семей полигонынынан зардап шеккендерге хал-қадари жәрдем жасап тұру.
Кешірімнің елі, халқы үшін жаратылған Жарқын Тұлға болғанын республикамыздың бұқаралақ ақпарат құралдары кезінде жұртшылыққа баяндады. Мен де, міне, естіп-көргендерімді оқырмандарға ұсынып отырмын, бұрын да жазғанмын. Кешегі-бүгінгі биліктің басшы-қосшыларына «белгісіз» мағлұмат аз дей аламын. Алайда олардың біразы назарбаев-сүлейменовтік бағытта болса (К.Бозтаевтың 90 жылдығын елеусіз қалдыру, сірә, сол жақтың «пікірі» шығар), біразы немкеттіліктің базарында...
Кешекеңнің қабірі басындағы құлпытаста: «Семей елі саған риза» деген жазу бар. Ол – Қазақстанның, Қазақтың тарихтарына жазылған өшпес лебізі!
Мыңқ етпеген мырзалар, естеріңде болсын: Шындық шымылдық емес, оны олай-бұлай ысырып, түріп қоя алмайсыңдар, шешіп алып тастай да алмайсыңдар!.. Әй, бірақ... өздеріңнен өзгені ұмытқандарың бір бұл емес, «...балтырларың сыздамай», сірә, «Біздің ұжым», «Менің өмірім» деп естелік жазуға кіріскен де шығарсыңдар.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы.
28. 11. 2023 ж.)
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар