“Тақиялы періште” фильміне негіз болған Сакко Қаратаев өмірден озды.Бұл туралы журналист Дархан Өмірбек әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстандықтардың сүйікті фильміне айналған «Тақиялы періште» киносы шынайы оқиғаға негізделгенін білесіз бе? Фильмнің бас кейіпкері Тана емес – Айнагүл, ал Тайлақтың прототипі – Сакко есімді азамат болған.
Қаратаев Сакко Бейсекұлы 1937 жылы дүниеге келген. Оның әкесі халық жауы деп қуғындалып, сәби Сакко әкесін көрмей жетім қалған. Анасы Айнагүл жеті баланы жалғыз өзі тәрбиелеп, бәрін ел қатарына қосқан. Бірақ ең жуас, момын әрі үйленуге батылы жетпеген кенже ұлы – Сакко болды.
Жуас ұлы үйленбей қала ма деп алаңдаған анасы трамвайға отырып, болашақ келінін іздеуге кіріседі. Ол жол-жөнекей өзіне ұнаған қыздарды әңгімеге тартып, тұрмысқа шықпағандарын анықтаса, үйіне шайға шақырып отырған. Бірақ мұндай тәсіл нәтиже бермеген соң, медицина училищесінің қыздар жатақханасына барып, сондағы қыздармен таныса бастайды. Осылайша, Саккоға қалыңдық табу операциясы басталған.
Бұл оқиғаны Кәукен Кенжетаев өзінің ағасы Шәкен Аймановқа айтып бергенде, әйгілі режиссер бірден оны кино сюжетіне айналдыруды ойлайды. Нәтижесінде, 1968 жылы «Тақиялы періште» фильмі экранға шығады.
1 ақпан күні Қаратаев Сакко Бейсекұлы 88 жасында өмірден өтті. Оның қызы Әлия Балапанова кезінде әкесінің тарихын көпшілікпен бөлісіп, оның әйгілі фильмнің басты кейіпкерінің прототипі екенін растаған болатын.