Сусамыр (қант диабеті) дертіне шалдыққан адамдардың саны жылдан-жылға үстемеленіп келеді. Қазір қант диабетінің дендеуіне байланысты ғылыми медицинада «инфекциялық емес пандемия» деген ұғым алға шықты. Осыған байланысты редакция тарапынан сусамыр дерті жайлы ізденіс жүргізіп көрдік, деп хабарлайды Alash.kz порталы.
2021 жылғы жүргізілген зерттеулерге, сәйкес, 537 миллион адам, яғни барлық адамдардың шамамен 10% - ы қант диабетіне шалдыққан. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 643 миллионға, ал 2045 жылға қарай 783 миллионға дейін артуы мүмкін. Ресми статистикаға сүйенсек, қант диабетінің 2-ші түрі кең таралған. ДДҰ статистикасы бойынша 2025 жылға қарай әлемде осы ауруға шалдыққан адам саны 380 миллионға жетеді. Көрсеткіштің болжамда айтылған сандардан неше есе көп болуы да мүмкін. Себебі қазірдің өзінде қант диабетінің 2-ші түріне шалдыққандар саны 422 миллионға жетіп отыр.
Сусамыр дерті жайлы не білеміз?
Аталмыш дертке қатысты Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталі дәрігері, эндокринолог дәрігер Б. К. Ташановаға сауал қойып көрдік. Госпиталь мамандары да тұрақты түрде белсенді қалпынан танбай, ардагерлерімізге аурудың белгілері мен зияы жайлы ақпарат айтып келеді. Себебі, жас ұлғайған сайын сусамыр дертіне шалдығу сын-қатері де арта береді. Госпиталь дәрігері аурудың жалпы сипаттамасы бойынша былай дейді:
Біздің денемізде қандағы глюкозаның қалыпты деңгейін сақтауға және жасушаларды энергиямен қамтамасыз етуге жауап беретін инсулин гормоны бар, гормон бүкіл дененің тұрақты жұмысын қалыптастырады. Егер инсулин жеткіліксіз өндірілсе, глюкоза деңгейі күрт артады, көмірсулардың ыдырауы және олардың энергияға айналуы бұзылады, инсулинге тәуелді қант диабеті дамиды (1 тип).
Жалпы қант диабеті қандай түрлерге жіктеледі? Ресми деректерге назар салсақ, қант диабетінің бірнеше түрі бар екенін аңдаймыз.
Қант диабетінің 1-ші түрі. Бұл ұйқы безінің өздігінен инсулин өндіре алмауы салдарынан қан құрамында осы гормонның тапшылығы туындауы. Бұл көбіне жас адамдарда кездеседі.
Қант диабетінің 2-ші түрі. Бұл ең көп таралған түрі. Ол ұйқы безі тым көп инсулин түзіп, бірақ глюкоза молекуласының ағза жасушаларына жеткізілуін қамтамасыз ете алмауы кезінде туындайды.
Гестациялық қант диабеті. Ол тек жүкті әйелдерде кездеседі. Босанғаннан кейін көміртек алмасуы қалпына келіп жатқан кезде оның жоғалуы жиі болады. Бірақ қант диабетінің 2-ші түріне айналуы да мүмкін. Сонымен қатар генетикалық ақаулар салдарынан туындайтын қант диабетінің басқа да айрықша түрлері кездесіп жатады. Бірақ мұндай сусамыр дертінің түрі сирек кездеседі.
Дәрігер оқтын-оқтын қариялармен кеңес құрып, ақпарат алмасып, қант диабетінің жалқы емес, бірнеше аудуларды біріктіретін бүтіндей дерт екенін ескертіп келеді. Медицина тілімен сөйлесек, бұл - гипергликемия, яғни қандағы глюкоза деңгейінің артуы. Инсулин дұрыс түзілмейді, өз қызметінен жаңылып, салдарынан ұйқы безіндегі белгілі бір жасушалар жансызданады. Уақыт өте келе кейбір органның, атап айтқанда, әсіресе көз, бүйрек, жүйке, жүрек және қан жолдары тамырларының зақымдалуына немесе тиісті деңгейде жұмыс істей алмауына алып келеді.
Ал қант диабетінің 1-ші түрі ағзадағы аутоимундық процесс аясында пайда болады. Қарамайым тілге тәржімаласақ, «жүйеде ақау болып», ағзаны қорғауға тиіс иммундық жасушалар ұйқы безіне шабуыл жасай бастайды. Уақыт өте келе ұйқы безіндегі инсулин түзетін бета-жасушалар саны азаяды да, қант диабетінің симптомдары пайда болады.
Ал қант диабетінің 2-ші түрі артық салмақ кесірінен бойға бітеді. Шектен тыс тамақтанған адамның ағзасында энергетикалық ресурстар қордаланып, май жасушалары түрінде жинақтала береді. Қан жүгіру жолы бітеліп, ақырында қант диабетінің 2-ші түріне алып келетін метаболизмдік ақаулардың кешені.
Сондықтан қант диабетін асқындырып алмау және ерте анықтау үшін адамдардың сауатты, хабардар болуы маңызды. Ауруды ауыздықтап, сау-салауатты өмір сүру үшін төендегідей талап-тілектерді ескергеніміз дұрыс:
- артық салмақтан аулақ болыңыз;
- дене еңбегімен айналысу, дене шынықтыру;
- темекі шегуден және алкогольді шамадан тыс тұтынудан бас тарту;
- қандағы глюкозаның деңгейін, қан қысымын үнемі қадағалап отыру, емханада үнемі диспансерлеуден өту;
- күйзелістен аулақ болу;
- дәрі-дәрмектерді дәрігердің нұсқауы бойынша, аса сақтықпен қабылдау;
- арнаулы диетаны ұстану.
Қазақ әдетте «Басқа байлық не керек, ден сау болса, болғаны» деп әндетеді. Даусыз, денсаулық - жекелеген адам үшін де, адамзат үшін де, баға жетпес бақыт. Тән саулығы мен жан саулығы саудаға салынбайды. Сол себептен де, жас шақтан, албырт шақтан бастап күтінсек, салауатты өмір салтын сақтасақ, опынбасымыз анық.
Дастан ҚАСТАЙ
Журналист
Alash.kz порталы