Ғылым және жоғары білім министрлігі әлемдік деңгейдегі білім мен таланттарды бағалау саласында жетекші саналатын ETS (Educational Testing Service) халықаралық ұйымымен бірігіп, Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесін (ҰБТ) жаңғыртуға кірісті, деп жазады Alash.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Ведомствоның мәліметінше, ETS-тің білім сапасын өлшеу және бағалау бағытындағы көпжылдық тәжірибесін ескере отырып, жаңа форматтағы тестілеу жүйесі тек академиялық білімді емес, сонымен қатар өмірде және мансап жолында табысқа жету үшін қажетті негізгі дағдыларды бағалайтын кешенге айналмақ.
«Дағдыға бағытталған жаңа тестілер түлектерге жаһандық еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді игеруге жол ашады. Бұл қадам жастарды табысты кәсіби өмірге дайындап, еліміздің инновациялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген министрлік хабарламасында.
Жаңартылған жүйе талапкерлерге тең мүмкіндік пен әділ бағалау принципін қамтамасыз етеді. Әр түлекке жеке бейімделген тест комбинациялары ұсынылып, бірыңғай және әділ бағалау жүйесі енгізіледі. Бұл тәсіл аймақ, мектеп түрі немесе оқыту тіліне қарамастан барша талапкерге бірдей жағдай жасайды.
ETS әзірлейтін жаңа формат жасанды интеллект, заманауи психометриялық әдістер және интеллектуалды талдау жүйелеріне негізделеді.
Министрлік атап өткендей:
«Жасанды интеллектке сүйенген адаптивті тестілеу, автоматты бағалау және аналитикалық жүйелер тест тапсыру барысын барынша әділ, сенімді және объективті етеді. Барлық тапсырмалар ғылыми тұрғыда дәлелденген әдістермен дайындалып, олардың нәтижелері халықаралық деңгейде мойындалатын болады».