Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің жұбайы Әдел Әділова Астанадағы қызметтік пәтерін көрсеткен видеосынан кейін қоғам назарын өзіне аударды, деп жазады Alash.KZ.
TikTok-та жарияланған видеода ол пәтерді толықтай көрсетіп, жиһаздардың 20 жылдан бері жаңартылмағанын, теледидардың ескі үлгіде екенін және кейбір тумбочкалардың есіктері сынғанын айтқан.
Әділованың сөзінше, олардың отбасы бұл пәтерде 2023 жылдан бері тұрып келеді. Ол видео арқылы депутаттардың күнделікті өмірін шынайы түрде көрсеткісі келгенін мәлімдеді.
Дегенмен, желі қолданушыларының басым бөлігі депутат отбасының бұл пәтерде шынымен тұратынына сенімсіздік білдірді. Көпшілігі пәтердің иесіз, өмір сүруге арналмағандай көрінетінін алға тартты.
Бірі видеодағы қымбат әшекейлерге назар аударса, енді бірі бұл пәтерді жалға беріп қойған болуы мүмкін деген пікір айтты.
Тіпті кейбір қолданушылар пәтер терезесінен көрінген кадрлар арқылы оның қай тұрғын үй кешенінде орналасқанын да анықтаған.
Видео астындағы пікірлерде мысқыл мен сын басым болды:
«Пәтерді неше тәулікке жалға алдыңыздар?»,
«Қызметтік пәтер екені түсінікті, бірақ қала сыртындағы үйіңізді де көрсетсеңізші?»,
«Халықтың көзіне күл себудің не қажеті бар?»,
«Бұл пәтерді тек түсірілім үшін бір сағатқа алған сияқты», – деп жазды желі қолданушылары.