Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ақша кеткен, бірақ қондырғы қойылмаған". Жамаубаев шетке кеткен күмәнді 500 млрд теңгенің келісімшарты барын айтты

06:09, 13 желтоқсан 2023 218

Ұрланған байлық: Жамаубаев 500 млрд теңгенің күмәнді келісімшарттары анықталғанын мәлімдеді





Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. Мәжілістің жалпы отырысында депутат шенеуніктер мен олигархтар Қазақстаннан басқа мемлекеттерге 30 жыл бойы капиталды заңсыз шығарғанын айтты.



«Кейбір шенеуніктер заңның солқылдақтығын пайдаланады. Менің ақпаратым бойынша, қазір оффшорлық аймақтарда осы елдің, халықтың 45 млрд АҚШ долларына жуық ақшасы жатыр. Tax justice деген ұйымның ақпараты бойынша, жыл сайын Қазақстаннан 200 млн доллар капитал шығарылады. Сіздің мекемеңіз, үкімет осы 45 млрд доллар ақшаны қайтару үшін не істеп жатыр? Қандай шара атқарып жатыр? Әлемдегі кейбір оффшорлық аймақтар бар. Кайман аралдары, Сейшель аралдары бар. База бойынша қарасам, олармен тіпті келісімшарт жасалмаған. Солармен келісімшарт қашан дайындалады? Осы ақша қашан қайтарылады?» - деп сұрады депутат.

Бұл сұраққа жауап берген Жамаубаев кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын, ол шаруаларды заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комиссия атқарып жатқанын атап өтті. Бас прокуратураның арнайы комитеті тиісті жұмыстарды атқаратынын еске салды.
«Министрліккке келер болсақ, бізде оффшорлық аймақтардың арнайы тізімі бекітілген. Ондай аймақтармен жүргізілген операциялар күмәнді саналады да тексеру барысында трансферттік баға белгілеу күшейе түседі. 55 мемлекетпен қосарланған салықтарды жүргізбеу бойынша белгілі бір конфенциялар бар», - дейді ол.

Қаржы министрінің айтуынша, қаржы қозғалысын бақылау ұлттық банктің құзырында. Былтыр заңға тиісті өзгерістер енгізілген. Қаржы министрлігі содан бері валюталық бақылауға қосымша орган ретінде қатысады.
«Ұлттық банкте олар тек мониторинг жүргізген. Тәуекелдерді айта кетейін: мысалы қандай да бір экспорттық, импорттық мәміле жасалады. Яғни қандай да бір мемлекеттен 100 млн долларға қандай да бір қондырғыны Қазақстанға әкеліп, қою керек делік. Ақша жіберіледі – қондырғы жоқ. Бұл жерде сондай жүздеген шарттар жылдар бойы жатқан. Яғни ақша кеткен, бірақ қондырғы қойылмаған. Бірақ бұл жерде ұлттық банктің тиісті құзыреті болмаған. Оларға тек автоматты келісім бере берген. Біз қазір қаржы министрлігі тарапынан осындай шетке шығарылған қаражаттар бойынша сараптама жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде 500 млрд-қа (теңгеге) жуық мәмілемелер бойынша ақпаратты біз қаржы мониторингі агенттігіне бердік. Бұл жерде қылмыстық істің фактілері бар. Олар сондай фактілермен айналысып жатыр», - дейді ол.

Депутат Базарбек сұрағын қайталап, Кайман, Сейшел аралдарымен келісімшарттар қашан жасалатынын сұраған. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та осы сұрақты министрге қойды.
«Ол неге байланысты келісімшарттар? Оффшорлық аймақтарға байланысты тиісті құжаттар бар. Тікелей сол мемлекеттермен келісім жасасып, елге ақшаны қайтару ісі комиссия аясында жүргізіліп жатқан жұмыс. Кейбір деректерін айта алмаймын. Комиссия жұмысы туралы ақпаратты сізге бөлек бергізейін. Ол келісімдерді жасасу үшін ондай ақшалар сол шоттарда бар ма деген сұраққа жауап табу керек. Содан кейін ғана келісім жасалады», - дейді Ерұлан Жамаубаев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар