Қазақстанның жетекші шахматшысы Бибісара Асаубаеваның әлеуметтік желідегі мәлімдемесінен кейін Туризм және спорт министрлігі арнайы брифинг өткізіп, спортшыны қаржыландыруға қатысты ресми мәліметтерді жариялады, деп жазады Alash.kz.
Бибісара жалақысының үш есеге қысқарғанын және уәде етілген қолдаудың толық көрсетілмегенін айтқан болатын. Алайда министрлік спортшыға мемлекет тарапынан қолдау тұрақты түрде көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Вице-министр Серік Жарасбаевтың айтуынша, соңғы жылдары Бибісараға бөлінген қаржы көлемі тұрақты түрде артып келеді.
«Бүгінгі таңда Бибісараға Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан толық қолдау көрсетіліп отыр. Егер салыстыратын болсақ, 2024 жылы оған 64 миллион теңге, 2025 жылы 79 миллион теңге, ал 2026 жылы 100 миллион теңге бөлінді», – деді Серік Жарасбаев.
Сонымен бірге вице-министр спортшының жалақысы қысқарғанын растады. Бірақ бұл шешімнің нақты себебін де түсіндірді.
«Бибісара 2023–2024 жылдары Спортты дамыту дирекциясы арқылы ай сайын шамамен 1 миллион теңге жалақы алып келді. Кейін шахмат басым спорт түрлерінің тізіміне енбей қалғандықтан, келісімшарт талаптары қайта қаралды», – деді ол.
Сондай-ақ министрлік Sport Qory қоры арқылы қосымша қаржы бөлу мәселесі де қаралғанын айтты.
«Биыл Бибісараға 100 миллион теңге бөлінді. Одан кейін қосымша қаражат бөлу туралы өтінім берілді. Министрлік тарапынан өтінім мақұлданды. Алайда қаражаттың жетіспеуіне байланысты қосымша қаржы бөлінген жоқ», – деп түсіндірді вице-министр.
Жарасбаевтың сөзінше, министрлік қаржыландыруынан бөлек, Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан да қомақты қолдау көрсетілген.
«Министрлік пен федерация бөлген қаражатты бірге есептегенде, Бибісараға 2025 жылы шамамен 160 миллион теңге, ал 2026 жылы 210 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді», – деді ол.
Осылайша министрлік жариялаған ресми мәліметтерге сәйкес, шахматшының жалақысы қысқарғанымен, жалпы қаржыландыру көлемі соңғы жылдары азаймаған, керісінше артқан. Министрлік бұл қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.