Астана қаласында әскерге шақыру науқанына қатысты кезекті даулы оқиға тіркелді. Өздерін әскери комиссариат өкілдері деп таныстырған белгісіз тұлғалар жергілікті тұрғынды тоқтатып, өздерімен бірге жүруді талап еткен, деп хабарлайды Alash.kz.
Жағымсыз жағдайға тап болған елордалық тұрғын оқиға таспаланған бейнежазбаны әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, оқиға жұмыстан жарымен бірге үйге қайтып келе жатқанда орын алған. Артынан екі адамның еріп келе жатқанын байқаған ол үйіне таяғанда, әлгілер оны аты-жөнімен шақырып, әскери комиссариаттан келгендерін айтқан. Ер адам өзінің әскерге жарамсыздығын растайтын ресми құжаты бар екенін ескерткенімен, бейтаныс адамдар өз талабынан қайтпаған. Тек азамат жұбайына полиция шақыруды тапсырған сәтте олар оқиға орнынан бой тасалаған.
Аталған жағдайға қатысты құқық қорғау органдары мен Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді. Полиция өкілдері бейтаныс тұлғалардың жеке басын анықтау шаралары жүріп жатқанын, тексерістен соң олардың әрекетіне заңды баға берілетінін жеткізді.
Өз кезегінде Қорғаныс министрлігі шақыру науқаны кезінде жергілікті әскери органдар мен әкімдік өкілдері полициямен бірлесіп азаматтардың жүрген жерін анықтай алатынын ескертті. Дегенмен, уәкілетті мамандар әрдайым белгіленген ережеге сай әрекет етеді және жүздерін жасырмайды. Сонымен бірге, ведомство өкілдері:
«Жеке деректеріңізді бейтаныс адамдарға бермеңіздер және өкілеттігі расталмағанша олардың талаптарын орындамаңыздар. Күмән туған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласқан жөн», – деп азаматтарға ескерту жасады.
Сондай-ақ, бұл мәселеге қатысты Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті де арнайы мәлімдеме таратты.
Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Исенбаев:
«Департамент бұл бейнероликті толық зерттеді. Видеодағы тұлғалар әскери комиссариат қызметкерлері емес. Аталған факті бойынша олардың жеке басын анықтап, ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тарту үшін ІІМ аумақтық полиция органына арнайы хат жолданды», – деп мәлімдеді.
Қорғаныс департаменті өкілі қазіргі уақытта елорда аумағында ешқандай рейдтік тексеріс шаралары жүргізіліп жатпағанын баса айтты.