Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бақылауымыз қажет»: Англиялық клуб Дастан Сәтпаев туралы ел күтпеген жайтты айтты

14:34, 02 қараша 2026

Ағылшын Чемпионшипінде ойнап жүрген 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев денсаулығындағы мәселелерге байланысты тағы да қатардан шығып қалды, деп хабарлайды Alash.kz.

Ағылшындық «Бернли» клубының тізгінін жаңадан ұстаған бас бапкер Фабио Челестини команданың «Портсмутпен» өткен кездесуінен кейін журналистерге сұхбат берді. 0:0 есебімен тең аяқталған бұл матч Челестини үшін жаңа қызметіндегі алғашқы ойын болды. Алайда бұл кездесуге қазақстандық жас дарын қатыса алмады, ол ойыншылар тізіміне де енгізілмеген.

Бұған дейін саптағы сіңір жарақатынан жаңадан айыққан Сатпаев Қазақстан ұлттық құрамасының Ұлттар лигасының қараша айындағы матчтарынан да тыс қалған болатын. Негізгі келісімшарты тиесілі Лондоның «Челси» клубы футболшының қайта жарақаттануына жол бермес үшін оның алаңдағы жүктемесін біртіндеп арттыруды жоспарлаған еді. Бас бапкер Челестини Сәтпаевтың қазіргі ахуалына тоқталып, өзінің ресми төл сөзінде былай деп ағынан жарылды:

«Қазір біз “Челсимен” бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Оның саптағы сіңірі мен бұлшықетінде қайтадан мәселе туындап отыр. Енді екі клуб бірлесіп, қадам-қадаммен, күн сайын оқиғаның қалай өрбитінін жіті бақылауымыз қажет», — деп білдірді Фабио Челестини.

Сонымен қатар клубтың бас бапкері өзінің «Бернли» тізгінін «Портсмутқа» қарсы ойынға небәрі 48 сағат қалғанда ғана алғанын тілге тиек етті. Соған байланысты ол спортшының денсаулығы туралы толық мәліметпен әлі танысып үлгермегенін және Сәтпаевтың қашан қатарға қосылып, жасыл алаңға оралатынын дөп басып айта алмайтынын жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар