Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бақылау емес, қолдау керек» – қоғам белсенділері әкімдік әрекетіне наразы (ВИДЕО)

09:40, 17 қыркүйек 2025 79

Астана қаласында балалар қауіпсіздігі үшін күресіп жүрген «Жаңа адамдар» қозғалысының жұмысына әкімдік тарапынан кедергілер жасалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz 

Белсенділердің «124» деп аталатын бастамасы бір жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Олар ай сайын әлеуетті педофилдерді әшкерелеп, қоғамға жария етеді және барлық деректерді құқық қорғау органдарына жолдайды. Бұл – балаларды қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Алайда тамыз айының басында кезекті іс-шара кезінде тосын жағдай болды. Белсенділер күдіктімен кездесуді ұйымдастыруға дайындалып жатқанда, іске Астана қаласы Есіл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкері араласқан. Оның әңгімесі бейнежазбаға түсіп қалған.

«Мен оларға қатысым жоқ, мен оларды аңдып жүрмін, біз бұл акцияның алдын алдық», – деген сөзі қоғамда сұрақ тудырды.

Әкімдік өкілі белсенділерді қолдаудың орнына бақылау мен қадағалау тәсілін таңдаған. Ал шын мәнінде қоғамға қажеті – ынтымақтастық. Өйткені балаларды қорғау – тек белсенділердің емес, ата-аналардың, мұғалімдердің, көршілердің және мемлекеттік органдардың ортақ міндеті.

«Жаңа адамдар» қозғалысы әлеуетті қылмыскерлерді әшкерелеумен қатар, қоғамды сергек болуға шақырады: егер бала бір ересек адамнан қашқақтаса немесе сенімсіздік танытса, оны елемей қоюға болмайды. Баланың қауіпсіздігі – ең басты құндылық.

Алайда мемлекеттік органдардың азаматтық бастамаларға қарсы бақылау жүргізуі – ескірген тәсіл. Қазіргі қоғамға қажеттісі – өзара құрмет, тең дәрежелі әріптестік және ашық диалог. Тек осылай ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар