Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Балғын балуандар бағын сынады

10:33, 01 ақпан 2023 281
Алматы  облысы, Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентіндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде  грэпплингтен  "TOLAGAY OPEN" халықаралық турнирі өтті. 4-15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер  күресіне еліміздің әр аймағынан және Ресей, Қырғызстан елінен де балғын балуандар қатысты.  Сонымен бірге Сағадат батыр спорт  клубында дайындық өткізіп, грэпплинг спортының қыр-сырын  үйреніп жүрген «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері де халықаралық турнирде күреске түсті. 



Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  жолдауында айтылған тапсырмасына  сәйкес бұқаралық спортты дамыту  мақсатында ұйымдастырылған турнир жоғары дәрежеде өтті.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде  Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының  құрметті  президенті Ерболат Тұрымбетов пен Іле аудандық мәслихатының төрағасы  Роза Әбілова сөз сөйлеп,  жеткіншек балуандарға сәттілік тілеп, балаларын шынығып өссін деп спорт үйірмелеріне берген ата-аналарға алғысын жеткізді. Ерболат Тұрымбетов грэпплинг пен джиу-джитсу спортынан Алматы облысының жастары өте тегеурінді екенін ерекше атап өтті.  Роза Әбілова елдің келешектегі тұтқасын ұстайтын жастардың спортты серік етіп,  еңбекте жетістікке жетіп,  тынбай іздену қажет екенін  жеткізді.

Екі күнге ұласқан тартысты турнирде жалпыкомандалық есепте Сағадат Нұрмағамбетов  атындағы "Sagadat batyr - QTT" клубының балуандары  топ жарды. Екінші орын  "KDS"  клубының өкілдеріне бұйырса, үздік үштікті  Qazaqstan Top Team GRES клубының спортшылары түйіндеді. Турнирдің  чемпиондары мен жүлдегерлері медаль, бағалы сыйлықпен марапатталды.  Халықаралық доданың құрметті қонағы болып келген   джиу-джитсудан және грэпплингтен әлем чемпионатының жүлдегері, халықаралық турнирлердің  чемпионы,  қара белбеу иегері ресейлік  Антон Селезнев  жас спортшыларға шеберлік-сағатын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті.

"TOLAGAY OPEN" халықаралық турнирін Алматы облыстық грэпплинг федерациясы ҚҚ (AIGA нұсқасы) өткізді.  Алматы облыстық мәслихатының экс-депутаты, "Sagadat batyr - QTT" клубының  бас бапкері, турнирдің   ұйымдастырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров  мұндай дода жас өскін балуандардың талабын ұштап, сенімін нығайтып, спортқа деген қызығушылығын арттырады дейді.  «Келешекте бұл турнирді дәстүрлі түрде өткізіп, жастарымызды  салауаттылыққа баулып мығым болып қалыптасуына серпін бермекпіз» деді Нұрсұлтан Орынбасаров.

 Қуан Қазақ  

Алматы облысы,

Іле ауданы

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар