Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Балаңыз өлетін еді»: Әскерден ауыр диагнозбен оралған сарбаздың жақындары уәждерін айтты (ВИДЕО)

11:20, 01 қазан 2026

Павлодардағы 5512 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген сарбаз Өмірбек Сұлтанмұратов әскерден 1-топ мүгедегі болып оралды, деп хабарлайды Alash.kz Stan.kz ақпаратына сілтеме жасап.

Бойы екі метрге жуық, ұлттық спортпен айналысып, көкпар тартып өскен жас жігіт әскери қызметкер болуды бала кезінен армандаған. Содан азаматтық борышын өтеу үшін Шымкенттегі әскери комиссариатқа оны әкесі өзі жетектеп алып барған болатын. Ел қорғауға өз еркімен аттанған жауапты сарбаздың үйге қайтуына бір-ақ ай қалғанда жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түскен.

Жұмбақ жағдайда комаға түскен сарбаздың мүшкіл халін әскери бөлім өкілдері ата-анасына кешіктіріп хабарлаған. Оның үстіне, туған-туыстары жеткенімен, екі апта бойы баланы отбасына көрсетпей ұстаған. Ата-анасы келмей жатып дәрігерлер сарбаздың басына ота жасап тастаған. Отандық дәрігерлер оған «менингит» деген диагноз қойғанымен, ата-анасы бұл уәжге мүлде сенбейді. Олар баланың әскерде ауыр соққы жеп, содан сал болып қалғанына кәміл сенімді. Көрші Өзбекстан елінің дәрігерлері де бұл жағдайдың соққыдан болғанын айтқан.

Сарбаздың анасы баласының уақытылы медициналық көмек ала алмағанына ашынады.

«Неге ауырса баланы қарамайды армияда. Сап-сау кетті ғой бұл. Кейін естісем, айтқан екен командирлеріне ауырып жатырмын. Дәрігерге апарыңдаршы десе апармапты дәрігерге. Әбден комаға түскен кезінде апарыпты доқтырға. Дәрігерге айтсақ бізге осындай ауыр жағдайда келді балаңыз дейді. Амал жоқ, ота жасамасақ балаңыз өлетін еді деді. Өлгенше сонда олар қарап отыра бере ме балдарды? Бұл бала гаймарит болмаған. Гаймарит болғанда түзеліп кететін еді. Бұл қатты соққы жеген бала. Түзелмейді деді Өзбекстан бізге сөйтіп қайтарды», — дейді ашынған анасы.

Ал сарбаздың әкесі ұлын өз қолымен әскерге алып барғанына өкініп, мемлекет тарапынан ешқандай шынайы көмек пен қолдау болмай отырғанын жеткізді.

«Иә өкінем. Өкінем. Өзім апарып бергеніме өкінемін. Қолынан военкоматқа апарып, қолынан ұстатқаныма өкінем мен. Өзім апарып, өзім қолдарынан ұстатып кеткем сол жерде. Олардың үйреніп алған сөзі еркексің, еркексің дей береді екен барлығына. Бүйтіп еркек болмай-ақ қоя салған мақұл да. Барлық ата-аналарды шырылдатып... 3,5 жыл болды жүргенімізге. Кім жәрдем береді. 850 мың теңге страховка беріп қояды екен. Соны қолыңа ұстатады да жіберіп жібереді. Болды. Сонымен өзіңмен өзің жүре бересің барлық ауыртпашылықтың барлығын өзіңе іліп», — деді әкесі.

Үш жылдан бері төсекке таңылып жатқан сарбаздың ата-анасы бұл істе шикілік көп екенін айтады. Сау келіп, мүгедек болып оралған жауынгердің жағдайына қатысты тіпті қылмыстық іс те қозғалмаған. Өмірбектің өзі әлі күнге дейін сөйлей де, жүре де алмайды, тіпті жақындарын да бертінде ғана тани бастаған. Редакция аталған жайтқа байланысты Ішкі істер министрлігіне арнайы сұраныс хат жолдағанымен, әзірге жауап түспеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар