Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Баламның қазақ тілін білгенін, сөйлегенін және түсінгенін қалаймын". Орыс сыныбының ата-анасы жасаған мәлімдеме қызу талқыға түсіп, қоғам назарын аударды

11:56, 12 қыркүйек 2026

Әлеуметтік желіде орыс тілінде білім алатын сыныптардағы қазақ тілін оқыту сапасына қатысты пікірталас қызды. Ата-аналардың бір бөлігі сабақ сағатының жеткіліксіз екенін айтса, енді бірі мәселені пәннің санында емес, оқыту әдісі мен нәтижесінде деп санайды, деп жазады Alash.kz.

Пікірталасқа Евгения Ланганстың Threads желісіндегі жазбасы себеп болған. Оның айтуынша, екінші сыныпта орыс тілінде оқитын ұлының кестесінде қазақ тілі аптасына бір рет қана бар. Анасы сабақтан кейін баласынан не үйренгенін сұрағанда, оның «білмеймін, тақтадан бірдеңе көшіріп жаздық» деп жауап бергенін жазған.

Ата-ана баласының қазақ тілін тек пән ретінде емес, күнделікті өмірде қолданатындай деңгейде меңгергенін қалайтынын айтты. Оның пікірінше, бала мәтінді көшіріп жазғанымен, оның мағынасын түсінбесе және оқи алмаса, мұндай сабақтың тиімділігіне күмән бар.

- «Мен баламның Қазақстанда өмір сүргендіктен қазақ тілін білгенін, сөйлегенін және түсінгенін қалаймын. Қазақ тілі күн сайын болса да қарсы емеспін. Маған оның кестеде жай ғана тұрғаны емес, тілді меңгергені керек», – дейді ата-ана.

Жазбаға пікір білдірген ата-аналардың тәжірибесі әртүрлі. Бір қолданушы 10-сыныпта оқитын баласының қазақ тілі аптасына төрт рет өтетінін, алайда бірнеше жыл оқығанына қарамастан, тілдік деңгейі төмен екенін жазды.

Сонымен қатар кей ата-аналар орыс сыныптарында қазақ тілі аптасына бір рет қана өтеді деген пікірмен келіспеді. Олардың айтуынша, кей мектептерде пән аптасына үш-төрт рет оқытылады. Бұл көрсеткіш оқу жоспарына және сынып деңгейіне қарай өзгеруі мүмкін.

Талқылауға қатысушылардың тағы бір бөлігі баланың қазақ тілін меңгеруіне отбасының тілдік ортасы мен ата-ананың ұстанымы да әсер ететінін атап өтті.

Осылайша, әлеуметтік желідегі пікірталас қазақ тілін оқытудағы негізгі мәселе сабақ саны ғана емес, оның нақты нәтижесі екенін көрсетті. Ата-аналар баланың қазақша еркін сөйлеп, мәтінді түсініп оқып, күнделікті өмірде мемлекеттік тілді қолдануына мүмкіндік беретін тиімді оқыту тәсілдерінің қажеттігін айтып отыр.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар