Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында екі қазақстандық бойжеткен қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
О қайғылы жағдайды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ресми түрде растады. Қазіргі таңда БАӘ-нің жергілікті құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазақстан тарапы марқұмдардың отбасыларымен тұрақты байланыста болып, өз құзыреті шегінде барлық қажетті көмекті көрсетіп жатқанын хабарлады.
Марқұмдардың жақындары ұсынған мәліметке сүйенсек, 2004 және 2006 жылы туған екі бойжеткен Шарджа қаласында еңбек етіп жүрген. Олар тамыз айының соңы немесе қыркүйектің басында елге оралуды жоспарлаған. Алайда шамамен бір апта бұрын қыздар туған-туыстарымен байланысқа шығуды кенеттен тоқтатқан.
ҚР СІМ баспасөз қызметі: «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Шарджа қаласында (БАӘ) қаза тапқан азаматтарымыз А.Б және Ж.Б-ның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. СІМ марқұмдардың отбасыларымен байланыста және өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсетіп жатыр», — деп мәлімдеді.