Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бағалары қанша?»: Блогер Жанәбіловтерден тәркіленген көліктер сатылымға шықты

13:21, 19 маусым 2026

Танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың қылмыстық ісі аясында мемлекет пайдасына тәркіленген сегіз су жаңа автокөлік ресми e-Qazyna электронды сауда платформасына орналастырылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Сауда алаңындағы мәліметтерге сүйенсек, тәркіленген мүліктің барлығы — 2025 жылы шығарылған, көк, қара, қызыл, сұр және ақ түсті Hyundai Elantra маркалы көліктер. Сот шешімімен мемлекет меншігіне өткен бұл темір тұлпарлар кезінде Эльмира Төлегенова жетекшілік еткен және оның құрылтайшылығында болған «Zhana Business» ЖШС-нің атына тіркелген болып шықты. Қазіргі уақытта аталған көлік құралдары «Астана қаласы, Республика даңғылы, 60» мекенжайындағы арнайы орында сақтаулы тұр. Сауданы ұйымдастырушы ретінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің елорда бойынша департаменті бекітілген.

Лоттың сипаттамасында көрсетілгендей, әрбір техника екі кілт жиынтығымен және тиісті тіркеу құжаттарымен бірге беріледі, алайда олардың жиынтығында қосалқы дөңгелек пен стандартты аспаптар құралдары жоқ. Сондай-ақ, мамандар тарапынан көліктердің қазіргі нақты техникалық жағдайын тексеру мүмкін болмағаны ескертілген. Нарықтық құнын анықтау мақсатында «Столичная оценочная компания KZ» ЖШС арнайы сараптама жүргізіп, 2026 жылғы 17 маусымда ресми есеп дайындаған. Соған сәйкес, әрбір автокөліктің бастапқы бағасы 8 миллион 395 мың теңге деп бекітіліп, сегіз көліктің жалпы құны шамамен 67,2 миллион теңгені құрады. Айта кететін жайт, мүлік карталарында бұл мүліктерге қатысты салынған тыйымдардың әлі де күшінде сақталатыны және оларды жаңа иелеріне табыстау заңнамалық талаптар аясында ғана атқарылатыны нақтыланған.

Дегенмен, бұл автокөліктер қатардағы азаматтар үшін еркін сатылымға шығарылған жоқ. Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №227 бұйрығымен бекітілген ережеге сай, бұл лоттар бойынша өтінім беруге тек шектеулі мемлекеттік мекемелер ғана құқылы. Олардың қатарында құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар, Президент қызметін қамтамасыз ететін құрылымдар, мемлекеттік саяси қызметкерлер мен Парламент депутаттары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың аппараттары бар.

Еске сала кетейік, осы жылдың 27 сәуірінде Астана қаласының соты блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен табылған табыстарды заңды айналымға енгізу фактілері бойынша соңғы үкімді жариялаған болатын. Сот шешімімен Е. Жанәбілов екі жылға шартты түрде сотталып, пробациялық бақылауға алынды, сондай-ақ оның мүлкі тәркіленді. Ал оның серігі Э. Төлегенова екі жылға бас бостандығынан айырылғанымен, мүлкі тәркілене отырып, жазасын өтеу мерзімі екі жылға кейінге шегерілді. Іс материалдары бойынша, сотталғандардан мемлекет пайдасына сегіз Hyundai Elantra автокөлігі мен 17 дана iPhone 16 смартфоны алынды. Ал бұған дейін уақытша тұтқындалған Lamborghini Urus және Lexus LX600 қымбат көліктеріне қойылған шектеулер алынып, заңды иелеріне қайтарылған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар