Алматыда қоғамдық көлікте жолаушы қызға тиіспек болған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға №86 бағыттағы автобуста болған. Куәгерлердің айтуынша, белгісіз ер адам қыздың мойнынан ұстап, оны еркінен тыс жақындасуға мәжбүрлемек болған. Автобустағы жолаушылар дер кезінде араласып, күдіктіні көліктен түсірген.
Алайда біраз уақыттан кейін ер адам қызды қайта аңдып, такси күтіп тұрған жерінен жақындауға әрекет жасаған. Жәбірленуші қауіпсіз жерге қашып үлгерген.
Алматы қалалық полиция департаменті күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталғанын мәлімдеді. Ол полиция бөліміне жеткізілді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам психоневрологиялық мекемеде есепте тұрған. Осыған байланысты ол арнайы медициналық ұйымға жіберіліп, психиатриялық сараптамадан өтеді.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктінің әрекетіне заң аясында құқықтық баға беріледі.