Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ауданның бүкіл мұғалімі пирамидаға кіріп кеткен". Қазақстандағы алаяқтарға алданған мектеп мұғалімдері ақшасыз қалды

10:12, 24 мамыр 2025 609

Пирамиадаға сеніп, шетелдік жалған компанияға ақша аударып, алданып қалғандардың көбі мұғалімдер екені хабарланды, деп жазды ALASH.KZ порталы.

Todayinfo ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Алматы облысы, Талғар ауданында тұратын мұғалімдер опық жеп, алаяқтардың құрсауына түскен. 

Мұғалімдердің алды 2 миллионнан ақша аударса, соңы 500 мың теңгесін бере салған. Соңғы қоңырау сәті жақындап, демалысқа шығатын кезде опық жеген ұстаздар депрессияға түсіп, тақыр қалтаға айналып шыға келген. Тығырыққа тап болған ел тұрғындары кімнен көмек сұрарын білмей сенделіп жүр.

«Мен 560 мың теңге аудардым. Арнайы сілтемемен кіретін WhatsApp топ ашылған. Ондай топтар өте көп. Бір топта мыңға дейін адамдар отырды. Бәрі белсенді — ақша аударушылар мен пайда табушылар еді. Сол топтағы жетекшілердің бастамасымен пайда табудың бизнесі қызу талқыланды. Мен сол сілтемемен кіріп, ақшаны екі еселеп алғым келген. Мен ғана емес, біздің ауылдың мұғалімдері, ауданның мыңдаған мұғалімдері осы пирамидаға кіріп кеткен. 560 мың теңге салып, бір тиын да алмадым», — деді  талғарлық Дәригүл есімді мұғалім.  

Сонымен қатар Жалғамыс ауылындағы мектептен оншақты мұғалім алаяқ сайттың құрбаны болса, Еламан ауылындағы мектеп мұғалімдерінің 80 пайызы алданған.

Жеңіл ақша табамыз деп, жем болғандардың арасында Түркістан облысы, Алматы, Семей, Талдықорған қалалары ғана емес, батыс аймақтың тұрғындары да бар. Көбі бюджеттік мекемелерде жұмыс істегендіктен ашық айтуға да, арызды жазуға да жүрексінсе, екінші жағынан алданғандарын айтуға қорланып, намыстанып отырғандары да көп. Шыдамы таусылып, амалы құрығандар құзырлы органдарға барып арыз жазып жатыр. Бірақ одан әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Ақша аударатын сайт 20 мамыр күні жоқ болып, өшіп кеткен. Сол кезден бастап ел көлемінде дүрлігу басталған. Қаржылық сауаттан ада болса да ,онлайн платформа арқылы ақша табамыз дегендер «Африкада алмаз өндіретін» инвестициялық компания деген ертегіге сенген.

«Бізде офис ашып, Расима ханым дегендер жұмыс істеді. Лицензияларын көрсетті, сендік. 2 миллион теңгемнен айырылып қалдым. 14 мамыр күні салдым, 20-сы күні платформа жоғалып кетті, өшіп. Ешкім білмейді, ақшамыздың бәрі күйіп кетті. Несие алып, ол ақшаны аударған едім. Енді давлением көтеріліп, тұра алмай жатырмын. Жұмыстағылармен қарым-қатынасым бұзылды, бәрін бұл жерге мен шақырып едім. Олар ренжіп, ақшаларын тауып беруді талап етіп жатыр. Өмір сүруден қалдым», — деді Нұргүл есімді Семей қаласының тұрғыны.

Алданып, алас ұрған ел тұрғындары тізім жасауға кіріскен. Қазірге дейін алдандық деп аты-жөндерін жіберген адамдардың саны бес жүзден асып кетті. Ал аударым жасаған «жомарт» жандардың ақшасының көлеміне қарап көз қызғады, қаражат көлемі сәт сайын көбейіп жатыр деп хабарлады БАҚ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар