Атырау халқы әкімдік жұмысына көңілі толмай, наразылық тудырды, деп хабарлайды Alash.kz ”Алматы"телеарнасына сілтеме жасап.
Былтырғы су тасқыны Маржан Қожағұлованың үйінің тас талқанын шығарған.
"Бүкіл шарбақты су алып кетті. Үй шөгіп барады, жуынатын бөлменің қабырғасы жарылып жатыр, едені түсіп кетті. Әкімдікке жаздық. Ақшалай көмектессе деймін, жөндеу жұмыстарын жасауым керек", - деді қала тұрғыны Маржан Қожағұлова.
"Біздің талап: стандарт бойынша жаңа технологиямен дұрыстап жасап беруі керек. Былтыр ығыстырды. 800 метр жерді ашып берді, сол жерге асфальт сұраймыз. Жедел жәрдем, өртсөндірушілер кіре алмайды", - деді қала тұрғыны Анаргүл Зұлқашева.
Жұрттың жанайқайын тыңдауға шенеуніктер келді. Олардың айтуынша, тұрғындар талабы ескеріліп, көктемде барлық стандартқа сай бекіту жұмыстары қайта жүргізілмек.
"Наурызда барлық стандартқа сай жүргіземіз. Заң аясында, жоба негізінде жасалады деп ойлаймын. Бұл жер - саяжай. Атқарушы органмен бас жоспарға өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр", – деді Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Бексұлтан Сатымов.
Шағынауданда 10 мыңнан аса адам тұрады. Әкімдіктен қайыр болмаған соң халық үйілген топырақты тегістеп, жыртығын өзі жамап әлек. Ал алда-жалда апат бола қалса, қайтерін ел білмейді.