Астана тұрғындары қоғамдық көлікте қай қосымшаны жиі қолданатыны белгілі болды: Avtobys тағы сын астында, деп хабарлайды Alash.kz
Желіде қала тұрғындарынан алынған жаңа видео-сауалнама тарады. Онда астаналықтар автобустардағы төлем жүйесіне қатысты өз пікірлерін ашық айтып, қай қосымшаға сенім артатынын бөлісті.
Сауалнама нәтижесіне қарағанда, тұрғындардың басым көпшілігі Avtobys қосымшасын қолданудан бас тартқан. Себебі — жүйенің жиі істен шығуы, төлемнің ұзаққа созылуы және интерфейстің қолайсыздығы. Қала тұрғындары Avtobys-ты «баяу, жиі бұзылатын және пайдалануға қиын» деп сипаттайды.
Көпшілік жол ақысын төлеу үшін Kaspi немесе Halyk Bank қосымшаларын қолдануды әлдеқайда тиімді деп есептейді. “Екі секундта төлеп қоясың, ал Avtobys күтіп жүйкені тоздырады” дейді сұхбатқа қатысушылардың бірі.
Таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта Avtobys арқылы төлем мүлдем қиындайды: автобустың ішінде ұзын-сонар кезек пайда болып, жүргізуші мен жолаушылар арасында түсініспеушілік туындайды. Ал егде жастағы адамдар қосымшамен жұмыс істеуде жиі қиналатынын жасырмайды. Тіпті кейбір жолаушылар мүлде төлемей кететін жағдайлар да осы жүйенің әлсіздігін көрсетеді.
Сарапшылар не дейді?
Мамандар Avtobys жүйесіндегі басты мәселе — техникалық тұрақсыздық екенін атап өтеді. Төлем серверлерінің жиі істен шығуы, бірыңғай стандарттың болмауы және операторлар арасындағы синхрондаудың әлсіздігі жүйенің толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.
IT-сарапшылар интерфейстің қарапайым пайдаланушыға бейімделмегенін, әсіресе жасы үлкен адамдар үшін өте күрделі екенін айтады. Ал экономистер қоғамдық көлік төлем жүйесінің әлсіздігі тұрғындардың жалпы тасымалдау жүйесіне деген сенімін төмендетіп жатқанын ескертеді.