Астанада өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығына арналған Бірлескен мәлімдемеге қол қойды, деп жазады Alash.kz.
Мемлекет басшыларының кездесуі аясында энергетика, көлік, цифрландыру, өнеркәсіп, денсаулық сақтау және мәдениет салаларын қамтитын 15 келісімге қол қойылды. Тараптар тауар айналымын $1 млрд-қа дейін арттыруға, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға және мұнай транзитін Әзербайжан арқылы көбейтуге уағдаласты.
Бұдан бөлек, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын жеделдету және жаңа паромдық жүйе құру мәселесі де қаралды.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында бұл сапардың стратегиялық серіктестік туралы шарттың 20 жылдығымен тұспа-тұс келуін атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталатынын айтты.
Ильхам Әлиев өз кезегінде Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық пен ортақ тарихи құндылықтарға негізделген жоғары деңгейдегі қатынастарды ерекше атап өтті.