Ақтөбеде мерзімді әскери қызметтегі сарбазды соққыға жығып, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген сержант әскери соттың шешімімен билігін асыра пайдаланғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Іс материалдарында сержанттың қол астындағы сарбазға күш қолданғаны және соның салдарынан мерзімді әскери қызметшінің дене жарақатын алғаны нақтыланған. Сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы кінәлі азаматқа нақты түрме жазасын кесуді сұраса, зардап шеккен сарбаз сержанттың заң аясында қатаң жазалануын талап етті. Алайда айыпталушы тағылған қылмыстық айыппен мүлдем келіспей, өзін толықтай ақтауды өтінген. Салдарынан әскери сот кінәлі деп танылған сержантты бас бостандығынан айырып қана қоймай, жәбірленушінің пайдасына жалпы көлемі 1,6 миллион теңге өтемақы төлеуді міндеттеді. Бұл соманың ішінде моральдық шығын ретінде 700 мың теңге, ал сарбаздың қорғаушысына жұмсаған адвокаттық шығындарын өтеу үшін 900 мың теңге белгіленген. Айта кететін жайт, сот отырыстары кезінде айыпталушы тарап тек адвокаттың ақысын ғана өтеуге келіскен болатын, ал қазіргі таңда шыққан сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.