Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әскерден ес-түссіз оралған сарбаз Ербаянның жағдайы өте ауыр

10:11, 27 тамыз 2024 624

Алматы облысындағы 55/71 әскери бөлімінде борышын өтеп жүріп басынан жарақат алған жауынгердің хәлі ауыр, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ұлттық Ұланда қызмет атқарған сарбазға кәсіби медициналық көмек алу үшін әлі де қомақты қаражат керек. Бірақ құзырлы органдар үнсіз.

Тұңғышы Ербаян әскер қатарына алынғанда ата-анасы қатты қуанған. Жасынан спортқа жақын жігіт таңдаған мамандығы бойынша жоғары оқу орнына да түскен екен. 1-ші курста азаматтық борышын өтеуге аттаныпты.

Бауырларына үлгі болсын деп, ата-анасы Алматыда өткен ант қабылдау рәсіміне үш баласын да алып барған. Алты ай өтпей, Ербаян жансақтау бөлімінен бір-ақ шығып, мынадай халге жеткеніне есеңгіреген ата ана әлі де сене алар емес.

Сарбаздың әкесі Хамит Айтмағанбетов:

«Оңай емес. Ешкімнің басына бермесін деп тілеймін. Жұмысқа бара жатсам да, машинада кетіп бара жатсам да, бір тілейтінім, Алладан, балам аяғынан тұрып кетсе деймін. 100 пайыз ұрды. Құлаған адам ондай жарақат алмайды», — дейді. Желтоқсан айында әскери бөлімшеден хабар алған соң, ата-анасы алып-ұшып Алматыға жеткен. Жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан ұлдарын командирі «дәретханада құлап қалды» депті. Басы үш жерден жарылып, мұрны сынған. Әскери бөлімдегі бақылау камерасынан түнгі сағат екіде сарбаздардың сабылып дәретханада жүргенін көрген ата-ана командирдің сөзіне мүлдем сенбейді.

Хамит Аймағанбетов:

 «Жаңағы сержант кім еді, Совет Серікбол, дәретханаға сол кіреді. Совет кіргеннен кейін қаншама солдат кіріп шығады. Менің балам кіреді, 1 минут 58 секундта баланы көтеріп алып шығады, төрт солдат», — дейді.

Содан алты ай бойы комада жатқан сарбазға үш рет ота жасалған. Қазір есін жиғанымен, ешқандай әрекетке қабілетсіз. 12 мүшесі сау әскерге аттанған жігіттің әлімжеттік құрбаны болғанын ата-анасы әлі дәлелдей алмай жүр. Ал әскерилер «дәретханада тайып жығылды» деген сөзінен танбай отыр. Бұл оқиғаға қатысты ІІМ Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі былай деп түсініктеме берді: «Қатардағы Е.Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы, 4-тармағының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Іс барысы Әскери тергеу департаментінің бақылауында».

Ұлттық Ұлан Ербаянның ем-дом алуы үшін әрекеттеніп жатқанын, тіпті Түркия елшілігіне хат жолданғанын мәлімдеді. Бірақ сарбазға әзірге жай адамдар ғана қаражат жинап жатыр.

Ал туыстары жеке дәрігердің ақысын төлей алмай қиналып отыр. Сот-медициналық сараптамасы дайын болмау себепті осы уақытқа дейін

Ербаян Мұхтарға мүгедектік тағайындалмаған. Сондықтан сарбаздың хәлі ауыр екенін дәлелдеу мүмкін болмай тұр дейді ата-анасы.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар