Әскерде ауыр жарақат алып, кейін мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтардың денсаулығы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсті. Бұл туралы оның оңалту және қалпына келтіру дәрігері Ұлпан Советбекова мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.KZ
Дәрігердің айтуынша, Ербаян шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта оның жағдайы ауыр деп бағалануда.
Ұлпан Советбекова әлеуметтік желідегі парақшасында Ербаянның ата-анасы алаңдаулы екенін айтып, қоғамнан қолдау сұрады. Оның сөзінше, сарбаздың туыстары қажетті ақпаратты толық ала алмай отырған көрінеді.
"Баршаңыздан дұға жасап, қолдау білдірулеріңізді сұраймыз. Қазіргі уақытта Ербаян мен оның отбасы үшін моральдық қолдау өте маңызды", – деп жазды дәрігер.
Еске сала кетейік, 22 жастағы Ербаян Мұхтарұлы былтыр Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызметін өтеп жүрген кезінде ауыр жарақат алған. Ресми мәліметте оның дәретханада құлап, басын кафельге соққаны айтылған. Алайда сарбаздың ата-анасы бұл нұсқаға күмән келтіріп келеді.
Оқиғадан кейін Ербаян комаға түсіп, ұзақ уақыт ауруханада жатқан. Биыл сәуір айында ғана есін жиған сарбазды туыстары Астанаға апаруға әрекет жасағанымен, бұл жүзеге аспаған.
Отбасындағы төрт баланың тұңғышы болған Ербаян әскерге өз еркімен барған. Жақындарының айтуынша, әскерге дейін денсаулығы жақсы болып, спортпен тұрақты айналысқан.