Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Әр ұлттың қалаған кезінде бөлініп кетуіне құқығы бар" - Әлімхан Ермеков Лениннің алдында қандай мәселе көтерді?

22:31, 26 сәуір 2024 543

Қазақ автономиясының шекарасын анықтау, оның мемлекеттік статусы мен құрылымын белгілеу, астанасын таңдау жұмыстарын жүзеге асыру үшін Халық комиссарлар кеңесінің төтенше өкілетті өкілі болып тағайындалған Ә.Ермеков, Ә.Бөкейхановтың тікелей қатысуымен Лениннің алдына мынадай үш мәселені қойған:

1. "Әр ұлттың қалаған кезінде бөлініп кетуіне құқығы бар", - деп атап көрсетілген 1917 жылғы «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, бұл бапты Кеңестер одағының одақтық шартына енгізуді ұсынды. Араға жетпіс жыл салып барып кеңестер одағы ыдырағанда осы бапқа сүйенгенін ескерсек, бұл талаптың қандай саяси маңызға ие болғанын түсіну қиынға соқпайды. Бұл талап 1922 жылғы ұлт мәселесі мен КСРО-ның құрылуы туралы үлкен айтыста шешілді.

2. Қазақ өлкесін Түркістан республикасынан дербес автономиялық республика ретінде жариялауды және оның территориясын шұғыл түрде анықтайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Лениннің қолы қойылған сол қаулының негізінде біз бүгінгі Қазақстан республикасының территориясына ие болып отырмыз. Олардың бұл ұмтылысына біреулер: «Олар Түркістанға қосылмай саяси сауатсыздық танытты», - дейді. Егерде біз сол кезде Түркістанға қосылып, Қазақ автономиясының территориясын жеке бөліп алып қалмасақ, онда қазіргі Өскемен, Семей, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстары Батыс Сібірдің құрамында, Алматы, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Маңғыстау облыстары - Өзбекстанның құрамында қалатын еді. Ал Астананың Астанаға көшуіне Ресейдің жоғарыдағы бес облыстың жеріне дауласа бастағаны негізгі себеп болды емес пе. Өзбекстаннан алақандай ауылды «дауласып» ала алмағанда, ана бес облысты қалай қайырып алар едік? Алаштықтар үшін ең бірінші Қазақстанның мемлекеттігі мен территориясын анықтап, оны мойындатып алу аса қажет болды.

3. Қазақ ұлты белгілі бір қоғамдық, мемлекеттік, экономикалық, саяси даму деңгейіне көтерілгенше, ғылым мен техниканы меңгеріп, отбасылық дәулеті еуропалық ұлттармен теңескенше жерді жеке меншікке беруге және қоныстанушыларды әкелуге болмайды. Сол деңгейге жеткенше қазақ автономиясы Ресейдің құрамында болады. Ал одан кейінгі тағдырын уақыт талабы шешеді, - деп түсіндірген.

Ә.Ермековтің Лениннің сұрағына: «Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайында қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек, - деп жауап беруі де сондықтан.

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.-Алматы, 2019

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар