Әлеуметтік желіде өзін Ольга Мұхамеджанова деп таныстырған Екібастұз тұрғынының бейнежазбасы тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Түсірілген бейнежазбада әйел Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жасап, Қазақстанға әскер кіргізуге шақырған. Оның сөзінше, бұл «әр қазақ өзінің қожайыны – орыс екенін білуі үшін» қажет. Сондай-ақ ол елдегі қазақтардың дауыс беру құқығы жоқ екенін айтып, «Ресей бұл қалаларды қайтарып алады» деген сепаратистік сарындағы мәлімдемелер жасаған.
Бұл оқиғаға қатысты белгілі заңгер Мейірман Шекеев ресми мәлімдеме жасап, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Павлодар облыстық полиция департаментін аталған бейнематериалға құқықтық баға беруге шақырды. Заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында бұл мәселе төңірегінде былай деп жазды:
«Осы бейнежазбада айтылған сөздерге байланысты маған көптеген азаматтар жазып жатыр. Меніңше, бұл әлеуметтік желідегі жай ғана пікір емес. Мұндай мәлімдемелерге құзырлы органдармен бейнедегі азаматтың жеке басы анықталып, құқықтық баға берілуі қажет деп санаймын. Бас прокуратура, ІІМ және ҰҚК осы бейнематериалды назарға алып, заң талаптарына сәйкес тексеру жүргізуі тиіс. Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 174-бабы бойынша ұлттық, этностық және өзге де алауыздықты қоздыру белгілері бар-жоғы, сондай-ақ 180-бап бойынша сепаратистік әрекет белгілерінің бар-жоғы анықталуы қажет. Ол үшін филологиялық-лингвистикалық сараптама тағайындалуы тиіс. Мен ешкімді алдын ала кінәлі деп отырған жоқпын. Бірақ заң бұзушылық белгілері болса, оған көз жұма қарауға болмайды. Еліміздің бірлігімен тыныштығына қауіп төндіретін кез келген әрекет заң аясында тексеріліп, тиісті жазасы берілуі керек деп есептеймін. Заң – бәріне ортақ! Елдің тыныштығы – бәрімізге артылған ортақ жауапкершілік!», – деді Мейірман Шекеев.
Қазіргі таңда қоғам белсенділері мен желі қолданушылары құзырлы органдардан аталған арандатушылық әрекетке қатысты жедел тексеру жүргізіп, заң аясында шара қолдануды талап етуде.