Танымал әнші Айгүл Иманбаева өзінің мүшел жаста қандай іс жасағанын айтып берді, деп хабарлайды Alash.kz Skifnews.kz сайтына сілтеп.
Өнер иесі балалық шағынан бастап, ақыл тоқтатқан кезеңге дейін жүріп өткен жолдарын есіне алды.
“Менің әр мүшелімде көп өзгеріс болған екен. 13 жас балалық шағым болса, 25 жасымда өнерде Айгүл Иманбаева деген атым шығып, театр, кино, эстрада, телевидение әлемінде дүркіреп жатқан шағым екен. 34 жасымда жеке театрымды ашыппын. 37 мүшелімде Астанада кезекті өзімнің жеке есеп беру концертімді жасадым. 43 жасымда өнер академиясының негізін қаладым. 44 жасымда балаларға арналған театр аштым. 46 жасымда Лондонға “Болашақ” бағдарламасымен оқуға кеттім. Тұрмысқа шықтым. Алда көзді ашып-жұмғанша, 2-3 жылда 49 жас келесі мүшелге өтемін. Сол мүшелге дейін не жасадым, ол мүшелде мен қандай деңгейге өтемін деген сұрақ мазалайды. Келесі мүшелге еш қиындықсыз тек өнерде ғана емес, бизнестен де бағытын тапқан Айгүл Иманбаева болуым керек деген мақсат қойдым”, – деп жазды әнші.
Сондай-ақ өнер иесі мүшел атауына қатысты да ақпарат беріп өтті.
“Қазақта білесіздер әр 12 жыл сайын мүшел жас есептейді. Бұл біздің халықтың даналығы шығар. Адам әр 12 жыл сайын келесі бір деңгейге өтіп отырады. Оның руханиятында, миында, жүрегінде де үлкен өзгеріс, екінші бір деңгейге өту процесі болады. Ең маңыздысы – бір мүшелден екінші мүшелге күйзеліске түспей, сауатты түрде өту”, – деп білгенін бөлісті.