Ақтауда жантүршігерлік жағдай орын алды. Бір топ ер адам бойжеткенге есірткі беріп, таңға дейін зорлық көрсеткен. Артынша ешкімге айтпауын өтініп, қаланың көшелерінің біріне тастап кеткен, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл оқиғаның анық-қанығы мен мән-жайын Немолчи.кз қорының желідегі парақшасы мәлімдеді.
Басты зорлаушыға прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Қалған төртеуіне – 15-16 жыл. Тергеу және прокуратура оларды кінәлі деп таныған баптар: 120, 121, 105, 299, 296, 126, 125, 194. Бұл баптар: зорлау, сексуалдық сипаттағы күш қолдану, өзін-өзі өлтіруге жеткізу, есірткі қолдануға мәжбүрлеу, есірткіні заңсыз айналымға шығару, заңсыз бас бостандығынан айыру, адам ұрлау, бопсалау. Бірақ сот барысында судья Досетов Иниятулла Раушанбекұлы (@jogargy_sot) айыптарды қайта саралады. Негіздемесі: қыздың өзі терезеден секіргені, ал оның өлімі ұрлау, соққыға жығу, зорлау немесе есірткіні мәжбүрлі түрде қолданудан болмағаны. Ол 9-қабаттан секіріп, үш күннен кейін қайтыс болды. Осылайша, әрбір қылмыскердің әрекеттеріне берілген баға өзгертілді. Бұл ретте бес қылмыскердің төртеуі бұрын сотталған адамдар екенін ескерсек, олардың әрекеттері қайталанған қауіпті қылмыс деп танылған. Қыздың отбасы апелляциялық шағым түсірді. Олар мұндай қорқынышты, адамшылықтан жұрдай қылмысты жасаған есірткіге тәуелді рецидивистерге әділ үкім шығарады деп шын жүректен сенген. Бірақ нәтижесінде: бес қылмыскердің төртеуі 3-4 жыл ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін! Қыз 9-қабаттан секіріп қайтыс болды, себебі бұл шарасыз қадамға дейін үш күн бұрын ол үйіне қайтып келе жатқан. Бірақ бес есірткіге тәуелді ер адам оны ұстап алып, көлікке күштеп отырғызып, ұрып-соғып, мефедронды иіскеуге мәжбүрлеген, азғындықпен зорлаған, қорқытып, ұрып, түні бойы қаланы аралатып, оның атына несие рәсімдеп, ақшаны қолма-қол шешудің жолын тапқанға дейін таңға дейін ұстап отырған”,- деп жазды ол.
Естеріңізге сала кетсек, Ақтауда бойжеткен 9 қабаттан секіріп кеткені туралы алдыңғы ақпаратымызда жазған едік. БАҚ өкілдері өз-өзіне қол жұмсады деп таратқан ақпараттың артында бір топ ер адамның оған зорлық танытқаны анықталып отыр.